Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ өнері ауыр қазаға ұшырады. Тағы бір дархан жүректі халқымыздың дара перзентінің жүрегі тоқтады. Бар болмысы елім деп жырлайтын Ескендір ағамыз көш-керуенге ілесіп, келместің кемесіне мініп арамыздан кете барды деген суыт хабарды естіп, қабырғам қайысып отыр, деп жазды Мәдениет жәнет спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Facebook-тегі парақшасында.
Сондай-ақ, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та Ескендір Хасанғалиевтің отбасы мен туыстарына көңіл айтты.Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан танымал əнші, композитор, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Отан» орденінің, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиевтің қайтыс болуына байланысты Хасанғалиевтер əулетінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Ескендір Өтегенұлы ғибратты ғұмырын əн мен саз əлеміне арнап, қазіргі қазақ эстрадасының негізін қалаған ағзам өнер иесі, отбасы мен ортасына қорған болған абзал азамат еді. Ағамыздың «Атамекен», «Әдемі», «Асыл арман», «Өмірімнің жазы», «Ескірмеген махаббат» өзге де әндерін білмейтін қазақ жоқ. Шет мемлекеттерде де тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген туындылары біздің арамызда мəңгі өмір сүреді. Мәнерлі музыкасымен өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығы қазақ мəдениетінің құнды қазынасы.
Өнер майталманының асыл бейнесі қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.
Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, - деп жазды Ақтоты Райымқұлова.
Қазақ ән өнерін жаңа биікке көтерген композитор, әнші, Қазақстанның Халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Бұл - ұлт руханияты мен мәдениеті үшін орны толмас ауыр қайғы.Ескендір ағамыз бүкіл ғұмырын музыка с,аласына арнап, отандық өнердің өрісін кеңейтуге үлкен үлес қосқан дарын иесі. Ол әуезді әндерімен халқының ыстық ықыласына бөленіп, ерекше құрметіне ие болды. Әр қазақ жатқа білетін "Атамекен" әні елдің еңсесін көтеріп, рухын асқақтатын қайталанбас туынды болып қала береді.
Ағамыздың жарқын бейнесі әрдайым біздің жадымызда сақталады. Ескендір Хасанғалиевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын, - деп жазды ол.