Ескелді ауданындағы су тасқынына байланысты жедел желі іске қосылды

12 Тамыз 2023, 20:14
880
Бөлісу:
Ескелді ауданындағы су тасқынына байланысты жедел желі іске қосылды
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Төтенше жағдайлар министрлігі Жетісу облысындағы су тасқынына байланысты жедел желіні іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысы ТЖД дағдарыс орталығында психологиялық көмек көрсету үшін жедел штаб пен жедел желі телефоны ашылды.

Нөмірі: 8 (7282)-22-02-13 және 22-02-18.

Еске сала кетейік, Жетісу облысының Ескелді ауданында қатты жауын салдарынан 50 тұрғын эвакуацияланғанын хабарлаған болатынбыз.

Көшірілген тұрғындар мектепке орналастырылды.

Ескелді ауданының Ешкіөлмес және Абай ауылдарындағы төтенше жағдайға байланысты ауласын су басқан тұрғындарды аудан әкімдігі жедел штабтың шешімімен Қарабұлақ ауылындағы Шестаков атындағы мектепке орналастыра бастады. Оларға сол жерден ыстық тамақ, жатын орын ұйымдастырылады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде 19 адам мектепке жайғастырылды. Оның 10-ы - ересек адам, 9-ы - бала,- делінген Жетісу облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ескелді ауданының әкімдігі төтенше жағдай департаментімен бірге нөсер жауыннан болған төтенше жағдайдың салдарын жоюға бар күш пен техниканы жұмылдырып жатыр.

Сонымен қатар арық жүйелерін тазарту мен аулаларды батпақтан тазарту жұмыстарына ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімі, ҚР ҚМ 18386 әскери бөлімі тартылды.

Жедел штаб Жетісу облысының ПД-сына ұрлық-қарлықты болдырмау үшін қоғамдық тәртіпті сақтауды міндеттеді.

Ескелді аудандық әкімдігі келтірілген шығынды есептеу үшін арнайы коммисия құрды, комиссия шығынды анықтау үшін елді мекендердің аулаларын аралап жүр.

Су басқан тұрғын үйлердің жай-күйін зерделеудің нәтижесінде төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қаржы бөлу мәселесі қарастырылатын болады.

Өз кезегінде ТАТЭК мекемесі де электр желілерін тексеріп, елді мекендерді электр жүйесіне қосу жұмыстарын атқарады.

Өзгелердің жаңалығы