Есірткінің таралуына қарсы күрестегі заңнама мәселелері талқыланды

21 Мамыр 2024, 21:29
296
Бөлісу:
Есірткінің таралуына қарсы күрестегі заңнама мәселелері талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатта есірткінің таралуына қарсы күрестегі заңнама мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары «Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың таралуына қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама мен құқық қорғау практикасының проблемалық мәселелері» тақырыбына арналған отырыс өткізді.

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров отырысты аша келіп, нашақорлық проблемасы еліміздегі қоғам денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіріп отырғанын атап өтті. Елімізде есірткінің таралуы жастардың денсаулығы мен ар-ожданына қауіп төндіреді, болашағына алаңдатады және қазақстандық қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына күмән туғызады.

Бүгінгі таңда көптеген дамыған мемлекеттерде есірткіге тәуелді жандарды оңалтуға бағытталған құқықтық, медициналық, әлеуметтік және өзге де қамтамасыз ету жүйесі бар және сонымен қатар есірткіге қарсы күшті үгіт-насихат науқаны жүргізіледі. Өкінішке орай, Қазақстанда мұндай жүйе тиісті деңгейде іске аспай отыр. Есірткіге тәуелділер санының өсе түсуі және есірткінің әсерінен жасалған қылмыстар саны көбейіп бара жатқанда мұндай жағдай мемлекет пен қоғам тарапынан шұғыл шара қабылдауды талап етеді, - деді Нұрлан Бекназаров.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар мен оның құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар жұмысының нәтижесін жақсартуға ықпал етіп отырғаны туралы сенаторларға айтып берді. Мәселен, ағымдағы жылдың төрт айында қылмыстық есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау 7%-ға өсті. Ішкі істер органдары есірткі бизнесі саласындағы 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойып, 23 есірткі зертханасын жойды. Одан басқа, жыл сайын республика бойынша нашақорлықтың алдын алу аясында 9 мыңнан астам профилактикалық шаралар өткізіледі. Отбасындағы, әлеуметтік ахуалы нашар және өмірі қиын жағдайдағы балаларға, жасөспірімдер мен жастарға ерекше назар аударылады, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау аясында мақсатты түрде жұмыс жүргізіледі.

Отырысқа Денсаулық сақтау министрлігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Сот әкімшілігінің, Құқық қорғау органдары академиясының, ғылыми қоғамдастықтың, Парламентаризм институтының өкілдері, сондай-ақ еліміз өңірлері мәслихаттарының депутаттары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы