Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ) миссиясы АЭС құрылысы бойынша өтіп жатқан респуликалық референдумда бақылау жұмысын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ) миссия басшысы, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары Сади Джафаровтың айтуынша, ТМҰ миссиясында хатшылықтың 11 өкілі бар. Яғни ТМҰ-дан, сондай-ақ ОСК-дан және ғылыми қоғамдастықтардан өкілдер қатысып отыр.
Миссияның қызметі Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. 4 қазанда референдум алдындағы үдерісті бақылау шеңберінде миссия негізгі лауазымды тұлғалармен бірнеше кездесу өткізді. Бұл кездесулер бізге референдумға дайындық, халықты ақпараттандыру науқаны, шетелдегі қазақстандық азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету жұмыстары туралы жан-жақты ақпарат берді. Бүгінгі таңда, сайлау учаскелері ашылғаннан бері – осы уақытқа дейін миссия Астанадағы кездейсоқ таңдалған 17 сайлау учаскесінде бақылау жүргізді. Осы орындардың әрқайсысында референдумға қатысты барлық қажетті ақпарат пен материалдардың анық көрсетілгенін, учаскелік сайлау комиссиялары ашық жұмыс жүргізуге жағдай жасап жатқанын байқадық, - деді шетелдік байқаушы.
Сади Джафаров халықаралық және жергілікті байқаушыларға референдум учаскесінде процесті бақылауға толық рұқсат берілгенін атап өтті.
Әзірге біз әкімшілік немесе құқық қорғау органдарының сайлау комиссияларының қызметіне заңсыз араласу фактілерін байқамадық. Миссияға сайлау учаскелеріне кіруге рұқсат берілді. Еркін дауыс беруді жүзеге асыруға ешқандай кедергілер байқалған жоқ. Біздің бақылау миссиямыз күні бойы мониторинг жүргізуді жалғастырады және бүгін кешке сайлау учаскелерінің бірінде дауыстарды санау кезінде боламыз, - деп айтты ол брифингте.
Еске сала кетейік, бұған дейін ШЫҰ миссиясы референдумға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Сондай-ақ ТМД байқаушылар миссиясы да референдумға өз бағасын берді.
Ал Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) миссиясы референдумға келушілер қатарында жастар көп екенін байқаған.