Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы қаласындағы медициналық жоғары оқу орындарының студенттері және резидентурада оқып жатқан жас дәрігерлермен кездесті.
Бұған дейін резидентураның ақылы бөлімінде оқып жатқан студенттер өздерін оқудан шығарып жатқанын мәлімдеп, министрдің жұмыстан кетуін талап еткен бейнеүндеу жариялаған болатын.
Студенттердің арыз, шағымын тыңдауға келген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бюджет есебінен оқыған дәрігерлердің мемлекет алдында үш жыл еңбек етулері керегін баса айтты.
“Интернатурада грантта оқығандар ҚР Білім туралы заңына сәйкес, кемінде 3 жыл өңірлерде жұмыс істеуі тиіс. Одан кейін қай жерде оқыса да өз еркі. Біз еліміз бойынша тапшы мамандықтарға, яғни сұраныстағы мамандықтар бойынша ғана резидентураға грант бөлдік. Оған түскендер 3 жылдық жұмыс істеу өтілінен босатылады,”,- деді министр.
Сонымен қатар ол, ДСМ Республикалық комиссияның шешімімен, медицина саласын кадрмен қамтамасыз ету үшін 2019 жылдан бастап мемлекеттік грантпен және ауыл квотасы бойынша білім алған жас мамандарды өңірлерге жіберіп жатқанын айтты.
“Биыл интернатура мен резидентураны тәмамдаған 5003 түлектің 2 226-сы жан-жаққа көшті, ал жұбайы тұратын жерде бос жұмыс орнының болмауынан, I және II топтағы мүгедектігі бар, магистратура, резидентураға, докторантураға түсуіне байланысты, жүкті әйелдерге, үш жасқа толмаған бала (балалары) тәрбиелеп отырған 2 777 адам өңірлерден босатылды. Бөлінген 2 226 жас маманның 1314-і (60 %) қалалардағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында, 912 маман (40%) ауылдық елді мекендерде еңбек етуі тиіс”, - деді ол.
Сондай-ақ ол, министрлік ешкімді оқудан шығармайтынын, онымен арнайы қаржылық комиссия айналысатынын жеткізді.
“Сіздер мемлекет есебінен оқығандықтан мемлекет алдында міндеттісіздер. Егер комиссияның алдында 7 жыл бойы оқуға жұмсалған қаражатты өтесеңіздер оқуды еш қиындықсыз жалғастыра бересіздер. Дегенмен, мемлекет алдындағы ар мен міндетті де естен шығармаңыздар. Сол ауылдағы адамдардың салығынан түскен қаражатпен оқыдыңыздар. Олар сіздер емдеуге келеді деп үміттеніп отыр”, - деді министр.
Резидентурада оқитын жастар өз кезегінде мемлекет алдындағы міндеттен қашпайтынын, оқуды аяқтаған соң барып жұмыс істесек деген өтініштерін білдірді.
“Біз студенттер оқуды аяқтаған кезде қай жерге қандай мамандықтар қажет екенін ескеріп жұмысқа бағыттаймыз. Сіздер сияқты маман ол жерге дәл бүгін қажет, ертең сұраныста басқа мамандықтар болуы мүмкін. Ол кезде сіздердің мемлекеттік мекемеге орналасуларыңыз қиындайды”, - деді Е. Біртанов.
Сонымен қатар, ол жағдайды біле тұрып жастарды оқуға қабылдаған оқу орындарына ренішін білдірді.
“Резидентураға қажетті мамандықта тізімі алдын ала жіберіліп, ескертілген. Бірақ соған қарамастан ақылы бөлімге қабылдау дұрыс болмады. Соның кесірінен осындай мәселе туындап отыр”,-деді ол.
Министрлік 2019 жылы жас мамандарға уақтылы және толық әлеуметтік қолдау көрсету шараларын қадағалап, оның орындалуын бақылауда ұстап отыр екен. Бірқатар облысқа қосымша 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейінгі көтерме жәрдемақы тағайындалған.
Министрліктің мәліметінше, мемлекет бір дәрігерді даярлау үшін 7 жылда 6-7 млн теңге жұмсайды. 2012 жылдан бастап 2018 жыл аралығында түлектерді аймақтарға бөлу ісімен жоғары оқу орындары айналысып келді, ол кезде жас мамандардың 40% ғана өңірлерге барған.
Айта кетсек, бұған дейін Біртанов өзінің отставкаға кетуін талап еткен студенттермен кездесуге дайын екенін айтқан болатын.