Еш рұқсат сұрамай, орыс тіліне қарай сырғып кеттіңіз. Депутат министрге ескерту жасады

3 Ақпан 2021, 11:42
11249
Бөлісу:
Еш рұқсат сұрамай, орыс тіліне қарай сырғып кеттіңіз. Депутат министрге ескерту жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысына келген Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев депутаттардың бірінен сөз естіді.

Қаңтар айында министр орынтағына жайғасқан 33 жастағы Әсет Ерғалиевтің мемлекеттік тілді меңгермегені бұған дейін де байқалған еді. Бүгін Мәжілісте қазақ тіліндегі сауалдардың бәріне орыс тілінде жауап берді. Тіпті, рұқсат та сұраған жоқ. Бұл әрине депуттардың кейбіріне ұнамады.

Сіз бүгін алғаш рет 30 жылдық тәуелсіздігі бар тәуелсіз мемлекеттің Мәжілісіне келіп тұрсыз. Бірақ қазақша қойылған сұрақтардың барлығына еш рұқсат сұрамай, сырғып орыс тіліне қарай ауысып кеттіңіз. Сіз жасыңызға қарамай, 18 миллион адамның ішінен министр болуға жараған екенсіз, жасыңыз да тәуелсіздікпен шамалас. Бірақ өз ана тіліңізде жауап бермегеніңіз ұят деп санаймын. Сондықтан келесі отырыста қазақ тілінде, ана тілінде қойылған сұраққа өз тіліңізде жауап беріңіз,- деді Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов.

Әріптесінің сөзін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де қолдап, «Айтқан сөзіңіз орынды» деп айтты.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында министр жергілікті биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге арналған өзгерістерді таныстырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы