Есептен шығару куәлігін алуға өмірімде бармас едім – Бейбіт Әлібеков Астанадан дауыс берді

20 Қараша 2022, 15:50
1071
Бөлісу:
Есептен шығару куәлігін алуға өмірімде бармас едім – Бейбіт Әлібеков Астанадан дауыс берді
Фото: Артём Чурсинов

Алматылық кәсіпкер жұмыстарымен елордаға келгендіктен, есептен шығару куәлігін алдын ала алып, кезектен тыс президент сайлауында Астанадан дауыс берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мен осы сайлауда есептен шығару куәлігін бірінші рет алдым. Учаскемдегі адамдар оған таңғалды. Түсінуімше, ол куәлікті алу үшін ешкім бармайтын секілді. Менің ойымша, келесі сайлауда есептен шығару куәлігін алуды жеңілдету керек. Өзің учаскеге барып жүрмей, egov арқылы алуға мүмкіндік жасау қажет, - деді Әлібеков.

Оның ойынша, көбірек адам дауыс беру үшін аталған мәселені ескеру маңызды. Себебі блогер адамдардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайтынын немесе жұмысы тіркелген мекенжайдан алыс екенін айтты.

Мен Астанаға жұмыспен келдім. Азаматтық жауапкершілігім жоғары деңгейде болмағанда есептен шығару куәлігін алуға өмірімде бармас едім, - деді блогер.

Сонымен қатар, Бейбіт Әлібеков Қасым-Жомарт Тоқаевтың қанша пайыз дауыс жинайтынын қызығушылықпен күтетінін жеткізді. Оның ойынша, қазіргі Мемлекет басшысы 75 пайыз дауыс жинайды.

Айта кету керек, Әлібеков дауыс беру үшін Астанадағы ҚР Ұлттық кітапханасының ғимаратында орналасқан №111 сайлау учаскесін онда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин дауыс бергендіктен арнайы таңдаған.

Өзгелердің жаңалығы