Бұл мәселе Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілі онкологиялық аурулармен және қант диабетімен есепте тұрған науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі жөнінде сауал жолдады.
Қант диабетімен ауыратын науқастарға бірнеше аптадан бері дәрі-дәрмек берілмей келеді. Науқастардың айтуынша, мәселе – жүйеде. Оның атауы өзгертілгендіктен, бағдарлама әлі ретке келтірілмеген. Дәрігерлер тізімдерді бере алмай, дәрі-дәрмек жаза алмай отыр. Дәрілер мен инелер қымбат тұрады. Өздерін қамтамасыз ете алмайтын адамдар не істейді? Неге жыл сайын өмірлік маңызды дәрілерді беру мәселесі қайталанады? – деді журналист.
Ол мемлекет жеткілікті қаражат бөлсе де, неге бұл мәселе шешілмей отырғанын сұрады.
Онкологиялық және қант диабеті аурулары бойынша барлық дәрі-дәрмек сатып алынды. Қазіргі таңда Дәрімен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесіне (ИСЛО) дәрілердің атауы енгізілді. Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқ. Бұл жерде, ең бастысы, науқастың диспансерлік есепте тұрып, учаскелік дәрігерге барып, өзінің ауруына байланысты қажетті дәрі-дәрмекті алу мәселесі ғана тұр, – деп жауап берді ҚР ДСМ Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Жандос Әділхан.
Жандос Әділханның айтуынша, бүгінгі таңда бұл мәселе түпкілікті шешілген.