Есенов «115-120 теңгеден төмен сатпаймыз» деп бір-бірімен келісіп, газ өткізгендер туралы айтты

25 Ақпан 2022, 12:59
1220
Бөлісу:
Есенов «115-120 теңгеден төмен сатпаймыз» деп бір-бірімен келісіп, газ өткізгендер туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2021 жылғы қызметінің қорытындылары бойынша алқа отырысында Маңғыстау облысының монополияға қарсы орган басшысы Бауыржан Есенов сұйытылған мұнай-газ нарығындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер туралы айтып берді.

Ол агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаментімен сұйытылған мұнай-газ нарығындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер (картель) бойынша нақты жұмыстар атқарылғанына тоқталды.

Аумақтық департамент осы жылдың басынан бері 99 нарық субъектісіне қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуына 4 тергеп-тексеру тағайындады.

Оның ішінде:

  • Монополиялық жағдайын теріс пайдалану фактісі бойынша Қазақ газ өңдеу зауытына (ҚР КК 174 бабы);
  • Бәсекелестікке қарсы горизонталды келісімдер бойынша сұйытылған мұнай-газын бөлшек саудада өткізетін 19 нарық субъектілеріне (ҚР КК 169 бабының 1-тармағы);
  • Бәсекелестікке қарсы горизонталды келісімдер бойынша сұйытылған мұнай-газын бөлшек саудада өткізетін 66 нарық субъектілеріне (ҚР КК 169 бабының 1-тармағы);
  • Картельдік вертикалды келісімдер бойынша СМГ нарығындағы 13 субъектіге қатысты жүргізілуде.

Монополияға қарсы тергеп-тексерудің ерекшелігін ескере отырып, ішінара тергеп-тексерулерді құқық қорғау органдарымен өткізу туралы шешім қабылданды. Бірінші, Қазақ газ өңдеу зауыты Маңғыстау өңірінде СМГ өндіру нарығында 100% монополиялық жағдайға ие. Тергеу кезінде, монополист электронды сауда алаңдары арқылы СМГ көлемдерін өткізу кезінде шекті бағадан асырып, монополиялық жоғары бағаларды белгiлеп, ұстап тұрғаны анықталды, - деп айтты Бауыржан Есенов.

Оның сөзінше, департамент зауыттың тәркіленуге жататын монополиялық кірісі шамамен 342 миллион теңге, әкімшілік айыппұлы 127 миллион теңге құрауы тиіс деген тұжырыммен, бұл сома Қылмыстық кодексте көзделген 20 мың айлық есептік көрсеткіштен асатындықтан, тиісті материалдар экономикалық тергеу департаментіне шара қабылдау үшін жолданды.

Бұдан басқа, Монополияға қарсы органмен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 159-бабының 3-1 бөлігімен 28 миллионға жуық айыппұлды көздейтін хаттама толтырылып, іс құжаттары әкімшілік сотқа қарау үшін жолданды. Келесі тергеу жұмыстары СМГ бөлшек саудада өткізетін 19 нарық субъектілеріне қатысты жүргізілді. Аталған газ желісі ұйымдары мен автогаз құю станциялары 2021 жылдың желтоқсан айының соңында бір мезетте СМГ литріне деген бағасын көтеріп ұстап тұрған, - деп баяндады Маңғыстау облысының монополияға қарсы орган басшысы.

Оның айтуынша, оперативті мәліметтерге сәйкес, АГҚС иелері өздерінің ватсап чаттарын ашып, «115-120 теңгеден төмен сатпаймыз» деп бір-бірімен келісе отырып, газ өткізген.

Нәтижесінде 17 нарық субъектісіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабының 1-ші бөлігімен барлығы 19,5 миллион теңге монополиялық кірісі тәркілене отырып, 1 миллион теңгеден асатын айыппұлды көздейтін хаттамалар толтырылып, тиісті аумақтық бірліктердегі соттарға істер қарау үшін жолданды. Бұдан бөлек, департамент облыстық прокуратурамен бірлесіп СМГ көлемдерін сауда алаңы арқылы ұтып алу бойынша 13 нарық субъектілеріне Кәсіпкерлік кодексінің 169 бабының 3-тармағы бойынша үш жақты картельдік келісімдер белгілерінің болуы аясында бақылау іс-шараларын жүргізді, - деп түсіндірді ол алқа отырысында.

Атап айтқанда, АГҚС иелері электронды сауда алаңдарында IT мамандарының көмегімен бөгде бағдарламаларды қолдана отырып, ай сайын немесе жиі СМГ көлемдерін алып отырған. СНГ көлемдерін алынған сомасы 1,5 миллиардтан асып түскен. Департамент қорытындысы барлық материалдарымен бірге қылмыс белгілерінің болуына баға берілу үшін прокуратураға жолданды.

Өзгелердің жаңалығы