Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Полшада өтетін "Балалар Евровидениесі" байқауында Қазақстанды таныстыратын Ержан Максим "Арманнан қалма" әнін орындайды. Алматыда өткен арнайы баспасөз мәжілісі кезінде әннің бейнебаяны таныстырылды.
Жиын барысында "Хабар" телеарнасының директоры Динара Бисембина бұл байқауға Қазақстан екінші рет қатысқалы отырғанын жеткізді.
"Өткен жылы еліміздің атынан Данэля Тулешова қатысқан. Биыл Ержан Максим 24 қараша күні Польшада өтетін байқауда бақ сынайды. "Хабар" агенттігі 2016 жылдан бері Еуропалық хабар тарату одағы қауымдастығының мүшесі. Соның арқасында біздің дарынды жастар осы байқауға қатысу мүмкіндігін алды", - дейді ол.
Сонымен қатар, ол "Арманнан қалма" әнінің авторлары Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және Тимур Балымбетов екенін айтты.
"Ержан бұған дейін бірнеше халықаралық байқауға қатысты, сондықтан ұлттық іріктеу өткізбей-ақ оны ұсыну туралы шешім қабылданды", - деді ол.
Баспасөз мәжілісіне келген Ержан Максим бейнебаянды енді ғана көріп отырғанын және өзіне ұнағанын айтты.
"Әннің мағынасы – армандаудың маңыздылығы және арманға жету жолындағы қиындықтарға берілмеу қажеттілігі жайында. Өзіме бұл ән келеді деп ойлаймын. Бейнебаянда мен ханшайым болуды аңсаған кішкентай қыздың арманын іске асырушы сиқыршының рөлін сомдаймын. Бұл менің алғашқы бейнебаяным. Барлығыңызға ұнайды деп сенемін. Қазір байқауға дайындық үстіндемін, вокалдық және басқа жағынан да дайындалып жатырмын", - деді Ержан Максим.
Әншінің анасы Гүлмира Әлібек Максимнің түрлі халықаралық жарыстарға қатысқалы ел алдындағы жауапкершілігінің артқанын айтты.
"Ержан ел алдындағы жауапкершілікті түсініп, сезініп жүр. Ол баланың психологиясына әсер етпей қоймайды. Дегенмен қолдау көрсетіп, бар жағдайды жасап отырмыз", - деді әншінің анасы.
24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында өтетін ән байқауын "Хабар" телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.