Ертістің цифрлық картасы пайда болады

31 Наурыз 2023, 11:45
1047
Бөлісу:
Ертістің цифрлық картасы пайда болады
Фото: azattyq-ruhy.kz/ Сейтказин Ардак

Павлодарлық мамандар қансорғыш жәндіктермен тиімді күресу үшін Ертіс өзенінің цифрлық картасын жасамақ, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Шыбын-шіркеймен күрес шараларына жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, әзірге жобаның авторлары белгісіз. Тендердік процедуралар өткізілуі керек.

Жыл сайын Ертіс жайылымының 70%-ын немесе 250 мың гектарын су басады. Бұл жәндіктердің таралуына қолайлы орта қалыптастырады. 

Жуырда су ресурстары комитетінің өкілдерімен кездесу өтті. Бұқтырма су қоймасынан су босатуға байланысты дезинсекциялық шараларды оңтайлы өткізу үшін ұсыныстарымызды айттық. Табиғат қорғау мақсатындағы су босату мониторингі бойынша аймақтың Солтүстігіндегі аудандардың өзен алқабының 80%-ы суға толады. Ал Өңтүстікте жатқан аймақтар шамамен 50%-ға жабылады. Сәйкесінше, жәндіктердің таралу уақытты 15-17 күнге кеш басталады. Осындай ерекшеліктерге байланысты өткен жылғы қателіктермен жұмыс істеледі. Улау шаралары бірнеше кезең бойынша өткізіледі. Алдымен әуеден өңдеу басталады, - дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева. 

Биыл ғылыми-зерттеу жұмыстарына 29 млн теңге бөлінген. Ауқымды шаралар барысында шыбын-шіркейлердің таралуы, түрлері, ерекшеліктері тыңғылықты зерттеледі. Өткен жылдағы жәндіктерге қарсы өңдеу шаралары сарапталады. Зерттеу жұмыстары аясында Ертіс өзенінің компьютерлік картасы да жасалады. 

Зерттеу жұмыстарына 42 ғылыми қызметкер жұмылдырылады. Олардың басым бөлігі Павлодар қаласы, ал қалғаны аудандарда жұмыс істейді. Облыстың Оңтүстік шекараларында фенологиялық зерттеулер басталды. Жалпы, өңдеу шараларының барлығы ғылыми топпен бірге жүргізіледі,  - дейді басқарма басшысы.

Ғалымдардың болжамынша, сары маса мамыр айының басында қанатқа тұрады. 

Өзгелердің жаңалығы