Ертіс жағасында жоғалған қызды құтқарушылар дронның көмегімен тапты

Дауыс зорайтқышпен жабдықталған ұшқышсыз аппараттың көмегімен бойжеткеннің орналасқан жері анықталды.

 ©BAQ.KZ/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 19:24
Бүгiн 2026, 19:24
121
Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Павлодар облысында Ертіс өзенінің жағасында демалыс кезінде жоғалып кеткен қызды Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары дауыс зорайтқыш орнатылған ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен тауып алды.

Ведомствоның мәліметінше, оқиға туралы хабар 112 пультіне түске қарай түскен. Хабарласқан әйелдің айтуынша, бір топ адам алдыңғы күні кешке Павлодарское ауылы маңындағы Лодочная станция ауданында түнеп демалған. Таңертең олардың бірі – 2003 жылы туған қыздың жоғалып кеткені анықталған. Өз күштерімен жүргізілген іздеу нәтиже бермеген.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар аумақты тексеру үшін дауыс зорайтқышпен жабдықталған дронды іске қосты.

Іздестіру барысында мамандар ұшқышсыз аппарат арқылы жоғалған қызға бірнеше рет үндеу жасаған. Дауыс зорайтқыштағы хабарламаны естіген бойжеткен жауап беріп, іздеу тобына қарай қозғала бастаған. Соның арқасында оның нақты орналасқан жері қысқа уақыт ішінде анықталды.

Іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін қыз полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Оған медициналық көмек қажет болмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігі табиғат аясында демалған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жалғыз жүрмеуге, жақындарыңызға қайда бара жатқаныңызды алдын ала хабарлауға және толық қуатталған ұялы телефон алып жүруге кеңес берді.

Наверх