«Ертіс орманы» резерватында өрт болып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
15 шілде күні Шарбақты ауданының Степное және Бауыртал орманшылықтарында орманда өрт шығып, қою түтін байқалды. Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі аумақты әуеден барлады. 98 орамдағы өрт ерекше бақылауда, онда өрт күшейіп барады, - делінген хабарламада.
«Ертіс орманы» резерватының ақпаратына сәйкес, әуеден барлау нәтижесінде өртенген аумақтың алдын ала ауданы 850 гектарды құрады.
Оқиға орнында 100-ден астам техника мен 300-ден астам адам, оның ішінде 5 тікұшақ өртті сөндіруде. Бір тәулік ішінде өрт ошақтарына әуеден 22 рет жалпы көлемі 66 текше метр су төгілді.
Өртті сөндіруге Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Өрт сөндірушілердің жұмысын ыстық, құрғақ ауа райы және қатты жел қиындатқан. Жағдайды бақылау үшін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен облыс әкімі Асаин Байханов барды.
Өртті сөндіруге Семей қаласынан Қорғаныс министрлігінің Ми-17, Ми-171 ұшақтары келгені туралы хабарланған болатын.