Дамыған елдерге қарағанда Қазақстанда несие алатындар саны аз. Орталық банк және екінші деңгейлі банктер халықты кредитпен қамтуға тырысады. Қазіргі инфлияцияны ескерсек, мұндай кезеңде халық қаржы мәселесіне келгенде сауатты болуы керек. Экономист Мақсат Халық халық арасында таптаурын болған пікірлер туралы айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
- Халық арасынан «ертең бәрі қымбаттайды, қазір қарызға бәрін алып ал» дейтін сөзді жиі естиміз…Қаржыгер ретінде бұл ойға көзқарасыңыз қалай?
Бұған жақсы қараймын деп айта алмаймын. Меніңше, жақсы үрдіс емес. Иә, егерде белгілі бір дәрежеде қатты инфляция болып жатса кредитіңіздің құны азаятыны анық. Ол жағымен келісуге болады. Бірақ дәл қазіргідей уақытта кредит алудың ешқандай логикалық негізі жоқ. Өйткені Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға көтерілді. Мұны 17 пайыз деп айтсақ болады. Екінші деңгейлі банк бұл пайызды алады да халыққа үш есе көбейтіп береді. Бұндай пайызы көп несилер алу халық үшін мүлдем тиімсіз. Керісінше, халық қарыздан қарызға батады береді. Сол себепті бұл позиция дұрыс емес.
- Біздің елде кредит алу неге тиімсіз? Дамыған елдерде бұл жүйе қалай жұмыс істейді?
Несиені жоспарлы түрде әбден ойланып барып алу керек. Бастысы, отбасы қаражатына салмақ түспейтін жолды қарастыру қажет. Дегенмен, бөліп төлеу инструментін құптаймын. Мәселен, ұзақмерзімді кәсіп жоспарласаңыз, техника алсаңыз бөліп төлеу тәсілі ыңғайлы. Бірақ оның шегін білмей, бүкіл заттың бәрін кредитке рәсімдеу дұрыс емес. Кейбір отбасылардан байқайтыным, 5-6 кредит алып, өз отбасына қаражатты мүлде үнемдемейді. Негізінде дамыған мемлекеттерде де бұл үрдіс бар. Бірақ олардың төлейтін төлемдері 12-20 пайыздың аралығында болады. Сондықтан қаншама отбасының табысына ауыртпалық туғызбайды.
- Баланы қарыз бен кредитке жоламайтындай етіп тәрбиелеудің жолы бар ма? Қазіргі таңда студенттерде, әскер қатарына шақырылғандардың көбінде кредиті бары белгілі болып жатыр.
Шынын айту керек, баланы кредитке жоламайтындай етіп тәрбиелеу өте қиын. Өйткені кез келген банк халықты несиелендіруге ұмтылады. Негізі, батыс мемлекеттерімен өзімізді салыстырсық, біздің халық көп несие алмаған. Сондықтан да біздің орталық банк халықты көбірек несиелендіруге мақсат қояды. Екінші деңгейлі банктер де табыс табу мақсатында бүкіл қаражатын таратып жатыр. Алайда, қазіргідей пайыз жоғары жағдайда дұрыс емес деп есептеймін. Осы пайыздың көптігінен азаматтарымыз қарызға белшенісінен батады.
Мектепке арнайы пән керек. Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Былтыр «Балапан» арнасында «Әмиян» деген бағдарламаға сарапшы ретінде қатыстым. Негізінен бұл бағдарлама 12-13 жастағы жасөспірім балаларға арналған еді. Алайда, жобаның іріктеуінен кейін 9 жасар кішкентай балалар қалыпты. Басында бұл балалар қалай қаржылық ақпаратты игере алады екен, қиын болмай ма деп ойлағам. Бірақ кейін балалардың бірі «маған түбіртек беріңіз бұл менің тұтынушылық құқығым» деп сатушыға айтып жатты. Демек, баланы ерте жастан қаржылық сауаттылыққа үйрете беруге болады деген сөз.
Гарвард университетінің зерттеуінде балаларға 7 жасынан бастап қаржылық білімді бере беруге болатыны жазылған. Әрине, бірінші сыныптан бастап пән енгізіп, оқыту керек дегеннен аулақпын. Дегенмен, бастауыш сыныптарда «қаржылық әліппе» пәнін енгізсек жөн болар еді.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!