Әлеуметтік желілерде белгісіз тұлғалар Ақтөбе мектептерінде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат таралуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті осы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Айтуынша, осы факті бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Осы ақпаратты таратқан тұлғалар анықталып, елдің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылатын болады. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылды. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді сұраймыз, - делінген ведомствоның ресми парақшасында.
Еске салсақ, 2021 жылғы 11 мамырда Қазан қаласындағы 175-гимназиясында теракт болды. 2021 жылғы 11 мамырда мектепке оның бұрынғы түлегі болған 19 жастағы Ильназ Галявиев келіп, балалар мен мұғалімдерге оқ жаудырды. Салдарынан 9 адам көз жұмып, 20-дан астам адам ауруханаға түсті. Галявиев тұтқындалды. Оған қатысты РФ ҚК 105-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2023 жылғы 13 сәуірде өткен сот шешімімен қылмыскер өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасына кесілді.