Ерте піскен қарбыздың қандай қатері бар?

26 Маусым 2023, 13:41
1971
Бөлісу:
Ерте піскен қарбыздың қандай қатері бар?
PHOTO
Фото: автордан

Елімізде мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидектен уланған науқастардың саны өсіп келеді. Осыған орай, Алматының санитарлық дәрігерлері ерте піскен жемістер мен көкөністерден уланбаудың жолдары мен оларды таңдағанда нені ескеру керегін айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мамандар қарбызды мүмкіндігінше тамыз айында сатып алуға кеңес береді. Жол бойында самсап тұрған қауын-қарбыздың барлығы тыңайтқыштардың көмегімен өсірілген. Оған қоса, бұл жемістер ары-бері жүйткіп жүріп жатқан көліктерден бөлінетін улы газдарды өздеріне тез сіңіреді. Сондықтан оларды ерте сатып алу қауіпті дейді. 

Ерте піскен қарбыздың қандай қатері бар?

Қарбыз сатып алуға асықпаңыз. Маусым мен шілде айының басында жол бойында сатылатын қарбыздар, әдетте, табиғи емес, жылыжай жағдайында өсіріледі. Олардың құрамында нитраттар, бояғыштар болуы мүмкін. Бір келі қауын-қарбыздың құрамында 60 миллиграмнан артық нитрат болса, адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді. «Пленка астында» піскен қарбыздың дәмі мен пайдасы далада піскен қарбыздан әлдеқайда төмен. Әрине, барлық жылыжай қарбызы зиянды дей алмаймыз. «Онион-4100» қондырғысы арқылы тексерген кезде, қарбыздың мөлшері 60 мг килограмнан аспау керек, – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Санитар мамандар қарбыз сататындарды жаппай тексеруден өткізуге құқымыз жоқ дейді. Тек адам уланып немесе сауда орындары мен базарларға арыз түссе ғана сынама алады екен. 

Қарбызды сауда үйінен, дүкендерден, талапқа сай келетін орындардан алған жөн. Себебі олардың арнайы зертханалары болады. Жеміс-жидектер тексерістен өтіп отырады. Сатушыдан санитарлық сараптама нәтижесін сұраудан да ұялмаңыз. Осылайша, денсаулығыңызға зиян келтіруден сақтанасыз. Біз қарбыз және қауын сататындарды тексеруден өткізуге құқығымыз жоқ. Тек тұрғындар уланып, арыз-шағым түскенде ғана тексерістен өткізе аламыз, – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Ерте піскен қарбыздың қандай қатері бар?

Жол бойында самсап тұрған қауын-қарбыздың 1 данасы 500-1000 теңге. Олардың басым көпшілігі Қызылорда, Шымкент, көршілес Өзбекстан елінен әкелінеді. 

Өнімдерді Шымкенттегі жылыжайлардан алдырамыз. Ең алдымен «Алтын орда» базарларына таратылады. Сол жерден қаладағы дүкендер сатып алады. Ерте піскен жеміс зиян деп жатыр. Мен оған қарсымын, тек жемістердің дәрумендері ғана аз болуы мүмкін. Сол себептен күз бен жаз айында піскен жемістердің ешқандай да айырмашылығы жоқ. Осы уақытқа дейін бірде-бір сатып алушы шағым түсірген жоқ, – дейді Бауыржан Тұрлыбек есімді саудагер.

Еске салайық, піскен қарбыздың қабығы жылтыр, түсі қою жасыл болады. Сондықтан қарбызды сатып аларда оған мұқият қарау керек. Егер ол жарылған болса алмаңыз. 

Алдымен қарбыздың сыртқы қабығына мән беріңіз. Жемістің қабығында жырық, жұмсарған жер болмауы тиіс. Сапалы қарбыздың сырты қатты және түсі қанық болады. Сары дақ жемістің өздігінен піскенін, дәмді екенін және қоспа қосылмағанын білдіреді. Десе де, дақ өте үлкен немесе тым кішкентай болмауы керек. Қарбызды қолмен қағып көріңіз. Бұл жағдайда дыбыс қатты шығуы керек. Бұл жемістің «етті» екенін көрсетеді, – дейді саудагер.

Ерте піскен қарбыздың қандай қатері бар?

Бұған дейін, Қызылорда облысында 21 адамның қарбыздан уланғанын хабарлаған едік. Сол себептен уланудың алдын алу мақсатында қарбызды аларда кесіп тексерудің қажеті жоқ. Кескен пышақтан не болмаса айналасындағы микробтар қарбызға еніп, зиян тигізуі мүмкін. Сол үшін, қарбызды жуып, тазалап жеген абзал. Ерте піскен жемісті жеген соң әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, интоксикация белгілері (жүрек айну, құсу) болуы мүмкін дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы