Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 21 тамыз күні елімізде алғаш рет ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасының қорытынды кезеңі өтеді.
Олимпиада талантты, әрі қабілетті жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған Елбасының «Ел Yмiтi» бастамасы аясында іске асуда. Олимпиаданың бас ұйымдастырушысы – «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры.
Ақпан айында бастама алған білім додасына республиканың 4266 ауыл мектебінің 5-6 сыныптағы 295 мың оқушысы қатысты. Бірінші кезеңнің нәтижелері бойынша екінші кезеңге 1685 ауыл мектебінен 5002 қатысушы іріктелді.
«Мың бала» ұлттық олимпиадасының екінші кезеңі 2020 жылғы 21 және 22 тамызда 19 Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Қазақстандағы 34 облыс орталығының негізінде өтеді.
Ең жоғары нәтиже көрсеткен 1000 жеңімпаз дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім алуға жолдама алады.