Ерте анықталған онкологиялық ауру емделеді - дәрігер

6 Сәуір 2019, 18:14
7689
Бөлісу:
Ерте анықталған онкологиялық ауру емделеді - дәрігер
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.kz тілшісі. 2011 жылы бастау алған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында әлеуметтік мәні бар аурулардың және жарақаттардың профилактикалық іс-шараларын, скринингтік зерттеулерді күшейту, диагностика, емдеу мен оңалтуды жетілдіру көзделген болатын. Осыған орай, Қазақстан бойынша онкологиялық, онкопроктологиялық аурулардың алдын алу үшін ашық есік күні өткізілді. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының онкологиялық емханасының дәрігер-онкологы Рахим Абдурасулов дәрігерге дер кезінде келіп қаралу маңызды екенін айтты.  

«Ерте анықталған онкологиялық ауру емдеуге жақсы»

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының онкологиялық емханасында да колоректальді ракты тексеруге арналған ашық есік күні болып өткен еді. Бұл күні кез келген тұрғындар профилактикалық тексеруден тегін өте алады.

Мақсаты – колоректальді рак ауруын ерте бастан анықтау, оның алдын алу мен емдеу ісін жүргізу. Себебі, мемлекетті құрайтын азаматтардың денсаулығы жақсы болса жұмыс күші де, еңбек өнімі де арта түспек. 

– Өткізіліп жатқан ашық есік күні ауруларды көбірек анықтауға септігін тигізе ме және Түркістан облысы бойынша қанша науқастың есепте тұрғанын айта кетсеңіз?

– Ашық есік күні біз колоректальді ракты ерте бастан анықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл аурудың түрлерінен көрсеткіш қазіргі таңда жоғары болып отыр. Бізде қазір арнайы скрининг бағдарламасы бойынша колоректальді рак, сүт безі обыры, жатыр мойны обырын анықтау қажет. Ашық есік – елді мекендердің келіп қаралуына ыңғайлы болсын деп жасалған. Бұл іс-шара қазір еліміздің барлық жерінде өткізіліп жатыр. Пациенттер онколог пен проктологтың қабылдауына келіп, консультация алады. Бұл ертерек диагностикақойып, ауруларды анықтау үшін қажет.

2018 жылғы статистиканы айтар болсақ, Түркістан облысы бойынша 8000 адам есепте тұрады, оның 15-20 пайызы колоректальді ракпен тіркелген. Бұл аурудың түрі ерлер мен әйелдер арасында бірдей. Айталық, 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 85-90 адамға тура келеді. Тоқ ішек пен тік ішек обыры көбіне 50 жастан жоғары егде адамдарда көбейеді.

Ерте анықталған онкологиялық ауру емделеді - дәрігер

– Қазақстанда осы аурудың түрлері неліктен көп?

– Елімізде аурудың көп болатын себебі, бұл ауруды анықтау ерте жолға қойылған. Әр екі жыл сайын 50-70 жас аралығындағылар скринингтен өтіп тұрады. Гемокульттест арқылы үлкен дәретте жасырынған қанға сараптама жасалады. Бұл тест әрбір адамға тұрғылықты жеріне сәйкес емханасында тегін беріледі. Аталған тест дәретте жасырынған қан барын көрсетеді. Содан кейін ол кісілер бізге жіберіліп, тоқ ішек, тік ішек обыры бойынша тексеруден өтеді. Біз рак бар ма, жоқ па, анықтауымыз керек. Емханада рак алды ауруларды анықтай аламыз. Айталық, полиптер, содан кейін тоқ ішектің созылмалы ауруларын жіберіп алмауымыз керек.

– Гемокульттесттің мақсаты неде?

– Мақсаты – ракты ерте кезеңде анықтау және оған уақтылы арнайы ем тағайындау. Ерте анықталған онкологиялық ауру емдеуге жақсы, пациент емделіп шыға алады, ал кеш анықталса өкінішке қарай ол кісілердің емделіп шығу көрсеткіші төмендеп кетеді. Себебі, ауру ерте анықталса операциядан жазылып кету мүмкіндігі бар. Кеш анықталып, асқынып кетсе операция немесе химиялық терапия жасай алмай қаламыз, тек өмірін ұзартатын ғана ем тағайындалады.

Бұл аурудың түрі жастар арасында аз, жасы үлкендер арасында көп. Колоректальді аурудың белгілерін айтатын болсақ, үлкен дәретте қанның пайда болуы, іш кету, іштің жақсы жүрмеуі, іш қату т.б. жатады. Скринингке үлкен адамдар өздері келіп тексерілуі тиіс.

Ол үшін әрбір емхананың өзінде арнайы бағдарлама бар, олар өздеріне бекітілген тұрғындарды өздері шақырып, гемокульттест береді. Ал ашық есік күнінде тоқ ішек, тік ішекті тексерту үшін кім қаласа, сол келе алады. Басқа күндері жолдамамен өз емханасына барады. Келген адамды тексеріп, онда онкология бар ма, жоқ па соңына дейін тексеріп, бар болса есепке алып, жоқ болса қалай емделу керектігі туралы қорытынды береміз.

Ашық есік күні өтетіні туралы тұрғындарға әлеуметтік желі арқылы чаттарда, БАҚ арқылы айтылып, хабарланды. Өзіңіз көріп тұрғандай, адамдар келіп жатыр.

– Колоректальді рактың пайда болуына не себеп?

– Ішек ауруларының уақтылы емделмеуіне бірінші себеп, созылып кетсе ол ертең ракқа айналып кетеді. Адамдардың 29 пайызында полип кездеседі, ал полип қатерсіз ісік. Бірақ уақыт өткен сайын полип те қатерлі ісікке айналып кетуі мүмкін. Оған суық тию, иммунитеттің төмендеп кетуі, уақтылы тамақ жемеу, майлы тамақ, концентраттар, тағамдық қоспалар асқындырып, ішектерге полип пен ракты өткізіп жіберуі мүмкін. Себебі, тамақты уақтылы жемеген ішектер жабысып қалады. Асқазанда бөлінетін қышқыл тамақты қорытуға арналған. Тамақ уақтылы түспеген соң асқазанда эрозия пайда болады да, жара бітпестен ракқа айналады. Сондықтан адам кем дегенде арасын ұзаққа созбастан бір кесе су ішіп тұруы керек, яғни асқазан бос болмау керек, әйтпесе қышқыл бөлінеді де өзін өзі жейді. Сонымен қатар, адамның тоя тамақ жеуі медициналық тұрғыдан зиян, себебі ішке ауыртпалық түседі.

– Айына неше операция жасайсыздар?

– Емханада күніне орта есеппен 4-5 операция болса, бір айда 100 операцияға дейін барады. Жылына орта есеппен алғанда 1000 шақты операция жасалады. Онкологияда операцияның 3 түрі бар: кәдімгі ота, екіншісі дәрімен емдеу, үшінші сәулемен емдеу. Отаның өзі екіге бөлінеді, кесіп алынатын және кеспей тұрып, микроскоппен тексеретін лапароскопиялық операция.

– Тоқ ішек, тішек ауруларының геморройдан айырмашылығы неде? Адамдар неліктен бұл ауруларды шатастырып жатады?

– Иә, халықтың көпшілігі геморройдан өздігінен емделіп жатады. Сол себепті дәрігерге кеш көрінуі мүмкін. Геморрой деп жүрген аурудың жоғары жағында онкологиялық ісік болуы мүмкін. Ашық есік күнінде сол ісік бар ма жоқ па, ол таза геморрой ауруы ма, осыны ажырату үшін пациенттер уақытында дәрігер-проктологқа келіп көріну керек. Тоқ ішек, тік ішек аурулары геморройға жақын орналасса аурудың белгілерін береді. Науқас оны ажырата алмағандықтан, өзі де білмеуі мүмкін. Өздігінен геморройға арналған дәріні қабылдап жүре береді. Асқыну жағдайында ол онкологиялық ауру болып шығуы мүмкін. Ол кезде кеш болып есептеледі. Тоқ ішектің, тік ішектің арнайы тексеретін аппараттары бар. Соған тексеріліп, 100 пайыз көз жеткізу қажет. Ал таза геморрой ауруы болса оны емдеудің жолы басқа. Ол кезде жаңағы асқыну болмайды, уақытында көрінсе, қажетті емін алса геморройдың бастапқы, соңғы сатыларына байланысты дәрімен емделетін, ота жасалатын түрлеріне бөлеміз. Соларды біз көрген кезде ажыратып береміз.

Ашық есік күнінің басты мақсаты сол – науқастар өздігінен емделіп, онкологиялық аурларды ажырата алмайтындықтан, осы онкологиялық ауруды жіберіп алмау үшін өткізіліп жатқан іс-шара.

Келген науқастарға аурудың себебі түсіндіріліп, қажетті тексерулерін тағайындап жатырмыз. Тексеруден кейін тағы да қайтадан қабылдап, нақты диагнозын анықтаймыз. 100 пайыз анықталған соң, әрі қарай қалай емделу керектігін айтамыз. Проктологқа қаралуға бір күнде 30 адам келеді. Айына 500-600 адам, ал бір жылда 5000-7000 арасында науқас келіп жатады. Соның ішінен қатерлі ісік табылған жағдайда онколог дәрігерге жіберіледі.

Қысқасы, азаматтар неғұрлым ертерек қаралып, өз денсаулығына ұқыпты, жанашырлықпен қараса дейміз.

Өзгелердің жаңалығы