Ертаев Азия-Тынық мұхиты аймағындағы әріптестерін Қазақстандағы көші-қон процестерімен таныстырды

Кеше, 21:09
138
Бөлісу:
Ертаев Азия-Тынық мұхиты аймағындағы әріптестерін Қазақстандағы көші-қон процестерімен таныстырды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Қауіпсіз, реттелген және заңды көші-қон туралы жаһандық шартты жүзеге асырудың Екінші Азия-Тынық мұхиты өңірлік шолуына қатысып, оның барысында әріптестеріне Қазақстанның көші-қон саласындағы жетістіктері туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараны Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссия (бұдан әрі – АТМЭӘК) БҰҰ-ның көші-қон мәселелері жөніндегі желісімен бірлесіп ұйымдастырды.

Оның жұмысына АТМЭӘК-ке мүше 53 ел мен 9 қауымдастырылған мүшенің өкілдері қатысты.

Талқылаудың негізгі мақсаты – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы КЖШ принциптерінің барысы мен іске асырылуына талдау жасау. КЖШ мигранттардың құқықтарын қорғауды және көші-қон процестерінің еріктілігін, қауіпсіздігін, реттілігі мен заңдылығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ мигранттарды қолдау және интеграциялау шараларын көрсетуді, олардың дамуына үлес қосуды, көші-қон саласындағы саясатты қалыптастыру процестерін жетілдіруді және т. б. көздейді.

Асқарбек Ертаев өз сөзінде халықаралық қоғамдастыққа КЖШ негізгі мақсаттарын іске асыруда Қазақстанның қол жеткізген нәтижелері туралы, сондай-ақ елдегі көші-қон процестерін жетілдіруге бағытталған қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Біз мигранттарға да, қабылдаушы қоғамға да көбірек пайда әкелетін инклюзивті және тұрақты көші-қон жүйесін құруға тырысамыз. Қазақстан Үкіметі деректердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін әртүрлі ақпараттық жүйелерді біріктіре отырып, көші-қон туралы деректерді жинау мен талдаудың сенімді институционалдық тетіктерін құрды. Ұлттық статистика бюросы Қазақстан азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың орын ауыстыруы туралы ақпарат жинайды, – деп бөлісті Асқарбек Ертаев.

А.Ертаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін басқа мемлекеттік органдардың, қаржы және қаржылық емес ұйымдардың дерекқорларымен интеграциялау халықтың көші-қоны саласында ақпарат жинаудың тиімділігін арттыратынын атап өтті.

Бұл барлық шетелдік жұмыс күшін автоматтандыруды және цифрлық есепке алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Міндетті ЖСН генерациясын бір мезгілде енгізу шетелдік адамның уақытша тұруына еңбек шарттары мен рұқсаттарды уақтылы тіркеуге мүмкіндік береді. Бірыңғай платформа процестерді біріктіруге, шетелдіктердің де, қазақстандықтардың да құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ шетелдік жұмыс күші мен қазақстандық жұмыскерлер арасындағы еңбекақы төлеудегі теңгерімсіздіктерді болдырмауға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Ол сондай-ақ Қазақстанда көші-қон процестері туралы сенімді және жан-жақты деректерді алу үшін басқа да құралдар қолданылатынын, бұл мигранттардың табысты интеграциясын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Негізгі сессия соңында вице-министр БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, АТМЭӘК атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбанамен кездесті. Кездесу барысында тараптар негізгі көші-қон мәселелерін шешу және көшіп-қонушылардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша Қазақстанның АТМЭӘК-мен ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Өзгелердің жаңалығы