Тарих үнемі әділетті шешім қабылдай бермейді. Жетісу даласынан майданға аттанған батырлардың көбі ұмыт қалды. Дегенмен олардың ерлігі ұрпақ санасынан өшпек емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ерлік пен еңбек – ер мұраты
Қан майданның қағидасы бөлек. Аман оралғандар туған жеріне келіп шалқып өмір сүрген жоқ. Соғыстан кейінгі елдің ахуалы күрт нашарлады. Майдангерлер амал жоқ ел ісіне араласуға тура келді. От пен оқ кешкен батырлар елді қалай бұл тығырықтан аман алып шығамын деп тағы да қарусыз алысты. Экономикасы тұралап қалған мемлекеттің еңсесін қайта көтеру үшін ерлер үйде жатып алған жоқ, еңбек етті, ел ісіне араласты. Солардың бірі – ерлігімен де, елге сіңірген еңбегімен де ел жадында қалған Шалбай Райымбеков.
Ел қорғау – ерге жүктелген қасиетті парыз. Тарих таразысына салсақ, ел басына күн туған шақта от пен оқтың ортасына түсіп, туған жерді жаудан қорғаған қайсар жандар аз болмаған. Оның өнегелі өмір жолы – өскелең ұрпаққа тағылым боларлықтай. 1921 жылы 22 ақпанда Қаратал ауданына қарасты Майлыбай ауылында дүниеге келген Шалбай, дәулетті де қадірлі зергер Райымбек Тұрлымбетовтың шаңырағында тәрбиеленді. Тоғыз балалы үлкен отбасының бір мүшесі ретінде жастайынан еңбекке араласып, адалдық пен үлкенге құрмет сынды қасиеттерді бойына сіңіріп өсті. Бұл мінез – оның өмір жолының темірқазығына айналды.
1939 жылы мектепті тәмамдаған соң Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Новосібірдегі 387-жеке байланыс батальонында әскери дайындықтан өтті. Тәртіпке берік, әскери іске бейім жас сарбаз көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталғанда, алдыңғы шепке аттанады. Сол сәтте жол-жөнекей ағасы Шаймерденмен кездесіп, екі бауыр бір майданда жауға қарсы соғысқа қатысқаны – тағдыр жазған сирек кездесетін оқиғалардың бірі.
Шалбайдың жауынгерлік жолы Солтүстік-Батыс майданында басталды. 801-атқыштар дивизиясы құрамында Старая Русса түбіндегі қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Кейін Вышний Волочёк қаласындағы әскери училищеде білімін жалғастырып, лейтенант шенін алады. Одан соң 35-атқыштар дивизиясының барлау ротасының командирі ретінде маңызды тапсырмаларды орындайды.
1943 жылдың күзі – оның әскери шежіресіндегі ең жарқын кезеңдердің бірі. Ивановка маңындағы шайқаста шешуші операцияны басқарған ол, жау шебін миналанған аумақ арқылы жасырын кесіп өтіп, фашистерге тосыннан шабуыл жасайды. Шабуыл нәтижесінде жаудың офицері мен бірнеше солдаты тұтқынға алынып, құнды мәліметтер қолға түседі. Бұл деректер келесі шабуылды сәтті өткізуге сеп болады.
Мұнан кейінгі бір барлау әрекетінде де жау позицияларын дәл анықтап, шабуыл барысында қарсыласты шегінуге мәжбүрлейді. Осы ерлігі үшін Шалбай Райымбеков Александр Невский орденімен марапатталады – бұл марапат тек ерлігі мен шеберлігін дәлелдеген командирлерге ғана берілетін жоғары әскери орден еді.
Соғыстан кейін елге оралған ол, Ескелді (Қарабұлақ) аудандық әскери комиссариатында еңбек жолын жалғастырып, тәртіпті, әділ басшы ретінде танылды. Кейін түрлі мемлекеттік қызметтерде жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, ішкі істер мен қауіпсіздік саласында, сауда және тұтыну кооперациясы жүйесінде басшылық етті. Өз бетімен білімін толықтырып, Алматыдағы сауда техникумын тәмамдады. 1960 жылдан бастап Достық стансасындағы ОРС-тің бастығы, Алакөл ауданы тұтыну қоғамының төрағасы, Көксу аудандық Тұтынушылар одағының төрағасы, комбинат директоры қызметтерін атқарып, 1981 жылы зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Зейнет жасында да орталық базардың директоры ретінде еңбек етті, - зерттеуші журналист Қажет Андас.
Өз өмірін ел игілігіне арнаған Шалбай Райымбеков талай мәрте халық депутаттары кеңесіне депутат болып сайланды. Соғыс пен бейбіт өмірдегі адал еңбегі 18-ден астам орден-медальмен бағаланды. Олардың қатарында Александр Невский, I дәрежелі Отан соғысы ордендері, «ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдері бар.
1947 жылы Зылиха Ертұрғановамен отбасын құрып, 48 жыл тату өмір сүрді. Алты баласы жоғары білім алып, әр салада халыққа қызмет етуде. Ұрпағы – 16 немере мен 35 шөбере – бүгінде өсіп-өнген әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналды.
1995 жылы Жеңістің 50 жылдығына арналған Мәскеудегі мерекелік шеруге шақырылып, Бас қолбасшы алдында сап түзегені – оның өміріндегі айтулы сәттердің бірі болды. Алайда толқыныс пен қуанышқа толы бұл сапардан кейін, денсаулығы сыр беріп, сол жылдың 5 сәуірінде дүниеден озды. Ол Талдықорған қаласында жерленді.
Шалбай Райымбековтың есімі 2014 жылы Талдықорған қаласындағы бір көшеге берілді. Ал 2025 жылы батырдың туғанына 104 жыл толды. Ол – ел тарихының жарқын парағы, адалдық пен ерліктің символы. Оның өмір жолы – ұрпаққа өнеге, ерлікке тағзым. Сондықтан ол жайлы қалай жазсақ та жарасады.
Ерлік мәңгі өшпейтін ер
Шынында біз Тәуелсіз елдің ұрпағымыз, демек бұл азаттықтың қалай келгенінен бейхабар болуымыз мүмкін. Отан үшін от кешкен ерлердің ерлігін ешқашан ұмытылмайтынын жастарың санасына сіңіріп отыруымыз керек. Олар – біздің бейбіт күніміздің негізін қалаған асыл жандар. Солардың ішінде аты аңызға айналған 28 панфиловшының бірі, Жетісу жерінің перзенті, Кеңес Одағының Батыры Асқар Қожабергеновті ерекше құрметпен еске алғанымыз абзал. Ол атақты панфиловшылардың бірі ретінде ғана емес, елін сүйген ер ретінде ел жадында қалуы тиіс.
Оның ерлік жолы туралы «Герой Советского Союза 1975» атты кітапта:
1917 жылы Алматы облысы, Қаратал ауданында дүниеге келген. Соғысқа дейін “Большевик” ұжымшарында тракторшы болып еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен майданға аттанып, 316-атқыштар дивизиясының 1075-полкінің 4-ротасы, 2-взводында жауынгер болған. Дубосеково разъезінде ерлікпен шайқасып, фашистердің 18 танкісін жойған танк жойғыштар тобында болған. Москваны қорғау жолында қаза тапқан, - деп жазылған.
Осы ерлігі үшін 1942 жылдың 21 шілдесінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Асқар Қожабергеновке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Оққа ұшқан батырдың ерлігі елге аңыз болып жетті. Қан майданнан қара қағаз келгенде ауыл-аймақ есеңгіреп қалды. Алайда ерлікпен қаза тапқанын естігенде ағайын-туыс қайран қалды.
Батырдың өмір жолын жазушы Мүсілім Бөбеқұлов «Мұсабек Сеңгірбаев» атты 1968 жылы жарық көрген кітапшасында баян еткен. Автордың айтуынша, Асқар мен Мұсабек Сеңгірбаев екеуі Бауыржан Момышұлы басқарған полктің екінші батальонында қызмет еткен. Ал жазушының өзі бірінші батальонда болған. Асқар ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде өскен. 1932 жылғы ашаршылық жылдарында Мұқырыдағы балалар үйінде Мүсіліммен бірге тәрбиеленіп, бір үзім нанды бөліп жеген екен. Кейін тағдыр екеуін тағы да тоғыстырып, майдан даласына бірге аттандырды.
Асқар, Мұсабек, Мүсілім және Иван Шадрин төртеуі 1941 жылы Үштөбе стансасынан майданға аттанып, Алматыға жетіп, сол жерден 316-дивизияның құрамына қосылды. 18 тамызда Мәскеуге бет алып, Ленинград бағытымен жол жүріп, Новгород облысындағы Крестцы қаласы маңында әскери дайындықтан өтті. Қазанның 10-ы күні Волоколамск стансасына келіп, 12 қазанда Осташево маңында бекініс жасады. Мүсілім ағамыздың жазбаларында майдан даласындағы әр күн, әр сағат нақты сипатталған. 1941 жылдың 16 қарашасында 4-ротаның жауынгерлері – танк жойғыштар тобы – ерлікпен шайқасты. Бар болғаны 28 жауынгер фашистердің 50-ге жуық танкісіне қарсы тұрып, 18-ін жойды. Бұл ерлік бүкіл әлемге үлгі болды. Халқымыз олардың қаһармандығына бас иіп, мәңгі ұмытпай келеді, - дейді ұрпағы Қожабек Қожабергенов.
Оның айтуынша, 1975 жылы жарық көрген «Еңбек туы» газетінің 39–43 нөмірлерінде панфиловшы, ұстаз, ардагер Мүсілім Бөбеқұловтың «Асқар батыр» атты мақаласы жарияланған. Онда 1941 жылдың қарашасындағы қанды шайқас жан-жақты сипатталады. Жау әуеден бомба тастап, артиллериядан оқ жаудырды. Жер сілкінгендей болған сұрапыл соғыста саяси жетекші Клочковтың бұйрығымен жауға қарсы шабуыл басталды. Асқар алдыңғы шептегі танктердің бірін өртеп жіберді. Мұсабек досы да бір танкті жалынға орады. Жау әскерінің екпініне қарамастан, олар тоқтап қалды. Ауыр шығынға ұшырады. Бұл шайқастан кейін ротада небәрі 25 жауынгер ғана тірі қалды.
Көрнекті ақын Николай Тихонов 1942 жылы «28 батыр ерлігі» атты дастан жазып, панфиловшылардың, соның ішінде Асқар Қожабергеновтің ерлігін жырға қосты.
1950-жылдары Балпық би кентіндегі Луначарский атындағы мектепте оқып жүрген кезімізде, панфиловшы ардагер И.Д. Шадрин мектепке келіп, сол сұрапыл күндер туралы әсерлі естеліктерімен бөлісетін. Батырлардың есімі ел есінде мәңгі қалды. Бүгінде Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында Асқар Қожабергеновтің де есімі мәрмәр тақтада ойылып жазулы тұр. Сонымен қатар, Талдықорғандағы демалыс саябағында, Түрксіб санаторийі жанындағы көше, Талдықорған, Үштөбе қалаларында, Көксу бекеті мен З.Тамшыбай ауылындағы көшелер де батырдың атымен аталған, - дейді Қ. Қожабергенов.
Ұрпағы кездесулердің бірінде Иван Демидовичке сұрақ қояды. «Иван Демидович, сіз Асқар Қожабергенов батырмен қаншалықты таныссыз және ол туралы не айта аласыз?» дейді Қожабек мырза. Сонда батыр мынадай жауап береді:
Мен Асқар Қожабергеновпен жай ғана таныс емес, бауырдай жақын болдым. Біз фашистермен бірге соғыстық. Ол – нағыз батыр, Отанымызды қорғап жүріп қаза тапты. Асқар мен Мұсабек Жеңіс үшін, сендер, балалар, білім алып, бақытты өмір сүрсін деп жанын қиды. Олар бір бауырлас зиратқа жерленген, оларды тіпті өлім де ажырата алмады. Жандары жәннатта болсын, - дейді өткен күндердің ерлікке толы естелгін тарқатып.
Ендігі бір ұрпақтық парыз – батырдың туған ауылы Кеңарал мен аудан орталығы Балпық би кентінде Асқар Қожабергеновке арналған еңселі ескерткіш орнату болып отыр. Мұны бүгінде ұрпақтары көтеріп жүр. Бұл – ел есінде ерлік пен намыстың мәңгілік ескерткішін қалдыру болар еді.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран
Соғыс жайлы жазылған жыолар мен естелік әңгіме-романдар өте көп. Бір буын ғана емес, 2-3 буынға дейін сол зұлматтың азабын тартты. Мәселен мына өлеңге мән берсек:
«Жойылсын жалғыз сөз – соғыс деген,
Оқ дауысы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын…». Шынымен жүрек толқытар ауыр өлең. Бұл өлең жолдарын талай рет естігенімізбен, соғыстың өзін көрмедік. Тіпті біздің әкелеріміз де көрмеді. Алайда бала кезімізден бергі тілегіміз – тыныштық пен тұрақтылық еді. Бүгінгі ұрпаққа да соны тілейміз. Біз соғыссыз өстік, бірақ оның зардабын естіп-біліп, көргендердің көзіндегі мұңнан-ақ сезініп өстік. Сол себепті соғыс жылдарында жастық шағын жау шебінде өткізген қаһармандарды ешқашан ұмытпау – ұрпақтың қасиетті парызы.
Адамзатқа зұлмат әкелген алапат соғыстың орны толмас өкініштері мен қайғы-қасіретін ұмыт қалдыруға болмайды. Ұлы Жеңіске қол жеткізу жолында жанын қиған, майдан даласында ерлік көрсеткен боздақтарды еске алып, құрмет көрсету – ардың ісі, азаматтық міндет. Сол жанқияр тұлғалардың бірі – 17 жасында зұлымдыққа қарсы күреске аттанған Рақым Байжидебеков. Егер көзі тірі болғанда, биыл – Жеңістің 80 жылдығына куә болар еді. Қан майданның ортасында жүріп, ел үшін еңіреген ер атамыз жастық шағын оқ пен оттың ортасында өткізді.
1941 жылы майданға шақырылған Рақым атамыз Украинаны, Белоруссияны, Польшаны азат ету ұрыстарына қатысып, ақырында Берлинге дейін жетеді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» – дегендей, Ұлы Жеңістің сүйінші хабары да дәл осы Берлинде жеткен екен. Шыбын жанын шүберекке түйіп, бейбіт күннің таңы атсын деп күрескен оның ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Кеудесінде жарқыраған «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары мен II дәрежелі Отан соғысы ордені – оның батырлығының айғағы, - дейді ұрпағы И.Жүсіпов.
Жеңіс келгенмен, ол бірден елге оралмады. Майдан даласында қалып, 1946 жылға дейін әскери міндетін толық атқарды. Тек бейбіт заман орныққан соң ғана туған жерге табан тіреді. Елге келгесін Нұрмәну апамызбен шаңырақ көтеріп, сегіз баланың әкесі атанды. «Энергия» ұжымшарында еңбек етіп, ұрпағын адалдық пен еңбекке баулыды. Жанашыр жар, қамқор әке, еңбекқор азамат ретінде айналасына сыйлы болды.
Сол сұрапыл соғысқа екінші бір атамыз – Жұмағали Жүсіпов те 1941 жылы аттанған екен. Алайда, 1942 жылдың желтоқсанынан бері хабар-ошарсыз кеткен. Бүгінде оның есімі Сарқан ауданы, Алмалы ауылындағы ескерткішке қашалып жазылып, ел есінде жаңғырып тұр. Осылайша, ел басына күн туған шақта қолына қару алып, Отанын қорғаған аталарымыздың есімі – біз үшін мәңгілік. Олар тек өз ұрпағы үшін емес, күллі елдің бейбіт болашағы үшін күресті. Сондықтан олардың есімдері жүректе, бейнелері ел есінде сақталады, - дейді ұрпағы И.Жүсіпов.
Сол сұрапыл соғыс жайлы қазір осындай естеліктер ғана қалды. Ұрпақтары аталарының ерлігін айтудан жалықпайды. Бұл болашаққа үлгі болар өнегелі іс. Ең бастысы еліміздің амандығы үшін алысқан алпауыт ерлердің үлкен-кіші деп бөлмей, бәрін қадір тұтуымыз қажет. Олар көрсеткен ерлігімен ғана емес өлшеусіз еңбегімен де қадірлі. Бұл өзгермейтін қағида болып қалуы қажет.