Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Оның айтуынша, 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар бекітілген. Аталған жоспарға сәйкес бірнеше бағытта нақты жұмыстар жүргізілді.
Біріншіден, Ұлттық құрылтай бастамаларын жүзеге асыру мақсатында Парламент депутаттарының қолдауымен 6 заң қабылданды. Атап айтқанда, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқыққа қайшы келетін контентке шектеу қою, жеке меншік объектілерге атау беруді жүйелеу, қоғамдық орындарда бет-жүзді бүркейтін киімдерге тыйым салу, сондай-ақ археология саласын реттеу бағытында жаңа заңнамалық өзгерістер енгізілді. Осы уақыт аралығында тағы 10 заң жобасы жұмысқа алынды, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Екіншіден, өткен жылдың қараша айында Президент жарлығымен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді.
Бұл құжат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ішкі саясат саласын жүйелейтін алғашқы тұжырымдамалық құжат болып саналады. Оны әзірлеуге белгілі сарапшылар ерекше атсалысты, – деді Ерлан Қарин.
Еске салайық, Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласында өтіп жатыр.
Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.
Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары:
2022 жылы – Ұлытауда;
2023 жылы – Түркістанда;
2024 жылы – Атырауда;
2025 жылы – Бурабайда өтті.
Маңызды жиыннан BAQ.KZ тілшілері Гүлжан Раманқұлова мен Мақпал Орынбек онлайн режимде тікелей ақпарат таратады. Құрметті оқырман, басты жаңалықтардан хабардар болу үшін лентамызды қадағалап отырыңыз.