Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мемлекет басшысы "Бейбіт жиындар туралы" жаңа заңға қол қойды.
Осы қабылданған заңға байланысты ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.
Бұл Ұлттық кеңестің аясында ұсынылып, дайындалған президенттік саяси реформалар пакетінің алғашқы үлкен нәтижелерінің бірі. Тұңғыш рет ұлттық заңнамада бейбіт жиындар мен шерулерді өткізуде рұқсат алу тәртібінің орнына хабарландыру тәртібі енгізіліп отыр, – дейді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, жаңа заңға сәйкес әрбір қаланың аудандарының орталығында міндетті түрде үш орын берілетін болады және де егер жиын я шеру барысында заң бұзушылық орын алып, ұйымдастырушылар тарапынан тиісті шаралар қабылданса ол жиын тоқтатылмайды, яғни жаңа заң азаматтарға бейбіт жиынды өткізудегі құқығын басымдық ретінде бекітуде.
Бұл заңның қабылдануы еліміздің саяси қоғамдық өмірінің одан әрі демократияландыру бағытындағы маңызды оқиға болып табылады. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің нәтижелі жұмысының айқын көріністерінің бірі. Ұлттық кеңестің мүшелері аталған заңның дайындалуынан бастап, талқылаулардың барлық сатыларына белсене ат салысып, заң жобасының жетілдіруіне үлкен үлес қосты. Сондықтан осы заңның қабылдануымен Ұлттық кеңестегі әріптестерімді де құттықтап, алғысымды білдіремін, – деп жазды Президенттің кеңесшісі.