Еріктілер күні. Аягөздік оқушылар қарияларға қолғабыс етті

5 Желтоқсан 2023, 16:21
642
Бөлісу:
Еріктілер күні. Аягөздік оқушылар қарияларға қолғабыс етті
VIDEO
Фото: Дана Тұмақбаеваның жеке мұрағатынан

Бүгін - халықаралық волонтерлар күні. Аягөз ауданы Сарыарқа орта мектебінің оқушыларынан құралған еріктілер тобы ауыл қарияларына барып, үй шаруашылығында көмек көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ықылым заманнан қайырымдылық қазақтың бойына сіңген ізгі қасиеттердің бірі. Халықаралық еріктілер күніне байланысты қазақстандықтар жақсылық жасаудан жарысуда. 

"Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында қарт адамдарға жәрдемдесу мақсатында Абай облысы Аягөз ауданы Сарыарқа жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Тұмақбаева Дананың ұйымдастыруымен 5-сынып оқушылары "Біз біргеміз" акциясына атсалысты. 

Сынып жетекшісі бастаған еріктілер тобы ата-әжелердің үйіне барып, үй шаруашылығында көмектерін көрсетіп қана қоймай, рухты көтеретін әндер айтып, мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты. Сонымен қоса кішкентай патриоттар сыйлықтарын да табыс етті.

Еріктілер күні. Аягөздік оқушылар қарияларға қолғабыс етті

Оқушылар ауылымыздың қариялары Баяхметов Солтанмахмұт атамыз бен Әпия әжеміздің шежіреге толы әңгімелерін тыңдап, ақ батасын алды. Үй шаруашылығында көмектесті. Бүгінгі шараның мақсаты - оқушыларға үлкенді сыйлау, қамқорлық жасауды үйрету болды. Білім беру саласында жас ұрпақтың бойында ізгілікке тәрбиелейтін шаралардың берері мол деп ойлаймын, - дейді сынып жетекші.

Өз кезегінде ақ жаулықты қария батасын беріп, жас еріктілерге алғысын айтты.

Бақытты болыңдар! Жастарың ұзақ болсын! Сабақты жақсы оқыңдар. Бізге келіп, көмек көрсетіп, қадірлегендерің үшін рахмет!, - деді әжей.

Еріктілер күні. Аягөздік оқушылар қарияларға қолғабыс етті

Ұстаздың айтуынша, бұл қолға алып отырған алғашқы шара емес. Олар әр мереке сайын ауыл қарттарына қолғабыс етуге тырысады. 

Дана Тұмақбаева айтып өткендей, баланы кішкентайынан қайырымдылыққа тәрбиелеу қажет. Жастайынан өзгеге көмектесіп үйренген балалар мейірімді болып өседі. Осылайша кішкентай волонтерлар қатары да көбейе түседі.

Айта кетейік, елімізде коронавирус пандемиясы басталғалы еріктілердің жұмысы ерекше жандана түсті. Мемлекет басшысы айтып өткендей, еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсіп, саны 680-ге жеткен. Нәтижесінде волонтерлердің саны 200 мыңға жеткен.

Өзгелердің жаңалығы