Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты.
Оның мәлімдеуінше, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы негізгі қызметтерге тең қолжетімділікті және өңірлер арасында да, сол сияқты өңірлер ішінде де елдің көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған.
11 мың шақырым республикалық маңызы бар және 27 мың шақырым жергілікті жол салынып, жөнделеді. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдың үлесін 100%-ке дейін және жергілікті маңызы бар автожолдың үлесін 95%-ке дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Аумақтардың байланыстылығын арттыру үшін бірқатар ірі жоба іске асырылады, – деді ол.
Министр жобадағы бағыттың бірі «Көліктік байланысты қамтамасыз ету» шеңберінде ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың байланысын арттыру көзделгенін айтты.
Атап айтқанда, екінші жол құрылысын салу мен «Достық – Мойынты» учаскесін электрлендіру Қытай-Еуропа-Қытай жолының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін салу Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін 2 есеге арттырады. «Түркістан – Шымкент –Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралын салу барлық өңірдің туристік және инвестициялық тартымдылығын едәуір арттырмақ. Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісін салу жобасы жүк арту мерзімін 2 тәулікке қысқартуға мүмкіндік береді. Аумақтардың байланысын арттыру шараларын іске асыру транзит көлемін 30 млн тоннаға, оның ішінде контейнерлерді 1,6 млн тоннаға ұлғайтуды қамтамасыз етеді, – деді Ұлттық экономика министрі.