ERG Ақтөбе облысында 700 млрд теңгеге инвестициялық жобаларды жүзеге асырады

6 Желтоқсан 2022, 16:28
982
Бөлісу:
ERG Ақтөбе облысында 700 млрд теңгеге инвестициялық жобаларды жүзеге асырады

2025 жылдың соңына дейін Eurasian Resources Group компаниясы Ақтөбе облысында жалпы құны шамамен 700 млрд теңге болатын 4 инвестициялық жобаны іске асырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тиісті меморандумға «Investment Aktobe-2022» халықаралық инвестициялық форумы барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов және ERG директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич қол қойды. Келісімде «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахтасының екінші кезегін пайдалануға беру көзделген, нәтижесінде 1 000-ға дейін жұмыс орны құрылады. Жаңа нысанның құрылысы хром кенін өндіру көлемін жылына 7,5 млн тоннаға дейін толықтыруға және ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол орта және ұзақ мерзімді перспективада ферроқорытпа зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Жобада дәстүрлі төмен өнімділік мәселесін шешу мақсатында кен өндірудің заманауи әдістері қолданылады. ҚТОШ-2 2025 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. 

2023 жылы өңірде құрамында хромы бар концентрат өндірісі бар тұрып қалған және ағымдағы хромы бар шламдарды қайта өңдеу фабрикасы пайдалануға беріледі. «Шлам-2» жобасының нәтижесінде жылына 700 мың тоннаға дейін сапасы 48,5%-дан төмен емес концентрат ала отырып, хром оксидін алу тиімділігі ұлғаяды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 50 млрд теңгеден асады. 270 тұрақты жұмыс орны құрылады. 

Меморандум шеңберінде қуаттылығы 153 МВт-қа дейінгі Хромтау-1 жел электр станциясын салу және пайдалануға беру жоспарланған. ЖЭС жобасы жаңа инжинирингтік және технологиялық әзірлемелерді қолдана отырып, іске асырылады. ЖЭС таза энергиясы Қазақстанда көмір өндірісін төмендетеді. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде атмосфераға көмірқышқыл газын шығару жылына 520 мың тоннаға қысқарады. 

Форум аясында Ақтөбе облысының әкімдігі мен Германия, Литва, Түркия Республикасы мен Қазақстанның ірі инвесторлары арасында жалпы сомасы 2,7 трлн теңгеге инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. 

«Investment Aktobe-2022»-ге 30-дан астам елдің дипломатиялық миссиялары, Үкімет мүшелері, ұлттық холдингтер мен компаниялардың, қаржы институттарының, трансұлттық корпорациялардың басшылары, ірі шетелдік және отандық бизнес өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Халықаралық іс-шара өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыру, қолайлы инвестициялық имиджін ілгерілету, сондай-ақ Ақтөбе облысының экономикасына отандық және шетелдік инвестицияларды одан әрі тарту мақсатында ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы