Ереженің күшіне енгенін күту - бала өліміне әкелді

13 Маусым 2022, 17:58
1216
Бөлісу:
Ереженің күшіне енгенін күту - бала өліміне әкелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл мәселе туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты. 

Соңғы кездері Ақтөбеде қаңғыбас иттер көбейіп, жұртшылықтың малына, үй құстарына шабуыл жасап жатқаны белгілі. Жақында желіде Ақтөбеде 12 жасар баланы иесіз иттер талап өлтірді деген қаралы хабар да тарады. Осы мәселеге қатысты журналистер сауалына жауап ретінде әкім конференцияда иттерді аулау бойынша 23 шілдеде күшіне енетін заңды күткенін айтты.     

Бұл жерде талай сылтаулар табуға болады. Негізі заң күшіне еніп, жұрттың көзінше иттерді атуға тыйым салынған. Біз осыған байланысты 23 шілдеде күшіне енетін оларды аулау керек, сақтау керек, емдеу керек, келешекте күшіктемейтіндей жағдайларын жасау керек, құтырық ауруы болса, не адамның өміріне өте қауіпті болса ғана өлтіруге болады деген ережелерді күттік, – деді ол.

Ақтөбе облысы әкімінің сөзінше, былтыр 17,5 мың қаңғыған ит жойылса, жылдың басында небәрі 3 700 ит жойылған. 

Дей тұрғанмен, менің берген тапсырмам бойынша иттерді аулауды күшейтіп, жеткізетін орнымыз бар, тиісті мекемелерге тапсырма бердік. Оның үстіне тұрғындардың көмегімен қай жерде не жүргенін нақтылап, осы мәселені қолға алып отырмыз. Бұған қаражат бюджетте қарастырылған. Тек біздің қызметкерлеріміз, өкініштісі, ереженің күшке енгенін тосып отырғаны мынадай жағдайға апарды. Біз осы кемшіліктерімізді біліп отырмыз, осыған байланысты тиісті шараны қабылдаймыз, – деді әкім. 

Өзгелердің жаңалығы