Ереже өзгерді. Енді шетелдіктер емханаға қалай тіркеледі?

14 Қыркүйек 2023, 20:17
701
Бөлісу:
Ереже өзгерді.  Енді шетелдіктер емханаға қалай тіркеледі?
Фото: Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметі

Шетелдік еңбек мигранттарын емханаға тіркеу тәртібі өзгерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

15 қыркүйекте Қазақстанда дәстүрлі емханаға тіркеу науқаны басталады. Шетел азаматтары бұл мүмкіндікті пайдалана ала ма, олар емханаға қалай тіркеледі? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев айтып берді.

Тілеухан Әбілдаевтың сөзіне сүйенсек, кампания барысында қазақстандықтармен бірге Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де емханаға тіркеле алады.

Биыл шетелдік еңбек мигранттарын емханаға тіркеу тәртібі өзгерді. Енді олар емханаға ерікті медициналық сақтандыру немесе жүктелген медициналық сақтандыру келісімшарты арқылы ғана тіркеле алады. Бұл полистер арқылы олар бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметін пайдалана алады, - деді филиал басшысы.

Шетелдік еңбек мигранттары Е-гов арқылы тіркеле алмайды. Тіркелу үшін емхана басшысының атына қазақ немесе орыс тілінде еркін түрде өтініш жазылады. Өтінішпен бірге паспорт, ерікті немесе жүктелген медициналық сақтандыру полисі қоса беріледі.

Еліміз бойынша аталған келісімшарттарды 7 жеке меншік сақтандыру компаниясы арқылы рәсімдеуге болады. Олар: «Интертич» СК, «Базель» СК, «Номад» СК, «Фридом иншуранс» СК, «Сентрас Иншуранс» СК, «НСК» СК, «Базель» СК.

Тіркелгеннен кейін еңбек мигранттары МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалана алады. Мысалы, қажетті консультативтік-диагностикалық қызметтер, жоспарлы стационарлық көмек, медициналық оңалту сынды тағы да басқа көмек түрлері қолжетімді болады, - деді Тілеухан Әбілдаев.

Еңбек мигранттарының өздері МӘМС жүйесіне жұмыс беруші тарапынан жасалған жарналар мен аударымдар арқылы қатысады. Ал, 18 жасқа толмаған балалары мемлекет тарапынан сақтандырылса, олардың жұбайлары (зайыбы) өзін-өзі сақтандырушы ретінде алдағы 12 айға жарна төлеуі қажет.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда тұрақты тұратын, ықтиярхаты бар шетелдіктер ел азаматтарымен бірдей құқықтарға ие. Олар емханаға бұрынғыша кедергісіз тіркеле алады.

Ал Еуразиялық Одаққа кірмейтін елдердің азаматтары емханаға тіркеле алмайды және МӘМС қызметін пайдаланбайды, медициналық көмек оларға тек ақылы түрде көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы