Ертіс өңірінде 934 ата-ана балаларына инфекциялық ауруларға қарсы вакцина салудан бас тартқан. Басым бөлігі жеке көзқарастарын алға тартқан тұрғындар болып шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Антиваксерлермен жұмыс жөніндегі топ өкілі иммунолог, аллерголог Ақмарал Қожанованың айтуынша, вакцинадан бас тартқандармен дұрыс жұмыс жүргізілсе, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Өкінішке қарай, пандемия жылдары халықтың коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналарға деген сенімі төмендеп кетті. Себебі, антиваксерлермен ақпараттық күрес басталды. Коронавирус жайлаған жылдары антиваксерлік идеялар қарқынды тарады. Салдарынан Павлодар облысында иммундау шарасынан өтуден бас тартқандар саны күрт артты. Бүгінгі таңда мамандар тобы шынайы ақпаратты тарату, түсіндіру жұмыстарымен айналысып келеді. Әрине, медициналық препараттарға сенбейтін азаматтар белгілі бір инфекциядан келетін өлім-жітім көрсеткішін мысалға алады. Алайда, сараптама көрсеткендей, көз жұмған азаматтардың басым бөлігі вакцина алмағандар болып шығады. Біз шынайы ақпарат беріп, түсіндіру жұмысын жүргізсе, қарсы болған азаматтар райынан қайтады, - дейді Ақмарал Қожанова.
Облыста екпеден бас тартушылар реестрінде мыңға жуық ата-ана тұр. Олардың басым бөлігі, яғни 711 азамат жеке көзқарастарын алға тартқан. 151 ата-ана медициналық препаратқа сенімсіздік білдірсе, 71 ересек діни пайымдарын көздеген. Ғаламторда тараған негативті ақпаратқа сүйенгендер де бар. Бірақ, олардың үлесі тым аз.
Мамандардың айтуынша, соңғы 50 жылда вакциналар әлем бойынша миллиардтан астам адамның өмірін сақтап қалды. Елімізде халықты вакцинациялау 21 инфекциялық сырқатқа қарсы жүргізіледі.