Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында ерекше форматтағы әлеуметтік маңызы бар анимациялық фильмнің тұсаукесері өтті. "Үміт әрдайым жанымызда" атты қысқаметражды мультфильм – ерекше қажеттіліктері бар балалардың арманы мен өмірі туралы сыр шертетін туынды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл фильм – 2023 жылғы питчинг байқауының жеңімпазы атанған жобалардың бірі. Сценарий авторы – небәрі 19 жастағы стартапер, волонтер және әлеуметтік бастамалар жетекшісі Диана Мұрзағалиева. Ол фильмнің сценарийін өзінің «Жақын жерде ғажайып» атты авторлық ертегісінің желісімен жазған. Диананың өзі де балалық шағында сөйлеу қабілеті кеш дамып, ұзақ оңалту процесінен өткен. Соған қарамастан, ол қоғамдық өмірге белсене араласып, әлеуметтік жобаларды қолға алған. Диананың еңбегі халықаралық деңгейде мойындалып, ол "Уэльс ханшайымы Диананың" сыйлығына ие болған, - делінген хабарламада.
Фильмнің режиссері – анимация саласында тәжірибелі маман Қуаныш Нағыз. Ол "Үш сый", "Менің атым Қозы", "Трансформер тұлпарлар", "Бақашабақ" және "Қожанасыр мен ұрылар" сынды жобаларымен танымал.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, балаларға арналған контентті дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Оның айтуынша, мұндай жобалар өнер туындысы болумен қатар, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын тәрбиелік құрал ретінде маңызды рөл атқарады. «Бұл фильм балаларға үміт сыйлап, қоғамды мейірімділікке үндейді. Мемлекет инклюзивті бағыттағы жобаларға қолдауды жалғастыра береді», – деді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бірнеше жаңа анимациялық жоба әзірленіп жатыр. Олардың қатарында "Команда А", "Алан туралы аңыз", "Жібек" және "Бәйтерек туралы аңыз" мультфильмдері бар.