Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» үйінде өткен семинарда ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған аналардың мәселелері сөз болды, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараны Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы қалалық аналар кеңесі ұйымдастырды.
Шарада әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы мәселе көтерілді. «Ерекше баланы тәрбиелеу арқылы өзіңді қалай жоғалтпау керек?», «Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың жағдайы», «Отбасындағы психологиялық ахуал баланың дамуына қалай әсер етеді?» тақырыптары талқыланды.
«Мама Про» әлеуметтік осал топтағы әйелдерді қолдау және дамыту қорын 2018 жылы ерекше балалардың ата-аналары құрған. Қордың жанында Алматы мен Астанада екі тренинг орталығы жұмыс істейді, онда ата-аналар балаларымен бірге білім алады.
«Қор кәсіпкерлік саласында өзекті білім алуға, заңгерлік, психологиялық және арнайы кеңес алуға, баладан қол үзбей бизнес жүргізу, SMM, жеке брендті ілгерілетуге көмектеседі. Басқа қалаларда осындай орталықтар ашу бойынша әдістемелік ұсыныстар жасалды», – дейді Мама Про» ҚҚ құрылтайшысы Әсия Тикеева.
Модераторлар мүгедек баланы оңалту ананы оңалтудан басталатынына назар аударды және үздіксіз дене шынықтыру даму ерекшеліктері бар балаларға оң әсере ететініне тоқталды.
«Біз ерекше қажеттілігі бар бала өсіріп отырған аналардың қиындықтарын түсінеміз. Сол себепті әйелдерге көмек беруге тырысамыз. Орталықта басқа мамандар да жұмыс істейді. Біз әр анамен қосымша онлайн режимінде екі консультацияны тегін өткіземіз деп келістік. Әйелдер өз сұрақтарын қоя алады, бала күтімі бойынша кеңестер ала алады. Сондай-ақ олар әлеуметтік желілер арқылы ортақ чатта бір-бірімен байланысу мүмкіндігіне ие болады», – дейді «Орда Аутизм» түзету орталығының жетекшісі, психолог, жаттықтырушы Салтанат Есмағанбетова.
Ол атап өткендей, балалардың білімі мен бейімделуіне қатысты мәселелер әйелдерге жүктеледі.
«Көп аналар балаға көп көңіл бөлу үшін жұмыстан кетуге мәжбүр. Оның үстіне мұндай балалардың барлығы толық отбасында өспейді. Әйел баланың күтімі мен тәрбиесі үшін барлық ауыртпалық пен жауапкершілікті өз мойнына жүктейді. Біз өңірлерге жиі шығамыз, ата-аналармен кездесеміз, оларды заңнамадағы жаңалықтар туралы хабардар етеміз. Оптимизмді жоғалтпауға, өздеріне мұқият болуды ұмытпауға кеңес береміз», – деп қосты орталық жетекшісі.
Кездесу барысында аналар өз тәжірибелерімен бөлісті, ерекше балаларға күтім жасау алгоритмі туралы айтып берді.
«Менің төрт балам бар. Үш жасар қызыма ЗПР диагнозы қойылды. Нәресте кезінде дамуы қалыпты болды, екпеден кейін проблемалар басталды. Жағдайды қабылдау қиын болғанымен өз-өзімді қолға алдым. Бір жыл бойы баламен жұмыс жүргізудемін. Бірақ бұл көп уақыт алады, отбасыма тиісті көңіл бөле алмаймын», – дейді Айым Елемесова.
Марал Әзімқызының екі баласы бар, үлкені бесте, кішісі төртте. Баланың дамуындағы проблемалар екі жасында ғана байқалған. Ол өте мазасыз болғанын айтады.
«Дәрігерлер баламда даун синдромы немесе аутизм бар деген үкім шығарғанда, үмітсіздік тұңғиығына түсіп, бас тарту, сенімсіздік сезімдерінен өтіп, терең депрессияға түскенім рас. Кейін әрине, бәрін ой елегінен өткізіп, баламды бұрынғыдан бетер жақсы көріп, оны сол күйінде қабылдадым, жігерлі болуға тырыстым. Интернеттен ақпарат іздей бастадым. Қалада осындай қоғамдық бірлестіктер, ерекше балалардың аналары жүгінетін мемлекеттік мекемелер бар екені қуантады», – деп бөлісті Марал Әзімқызы.
Қоғам қайраткері, «Радуга» әлеуметтік бейімдеу орталығы» ҚБ жетекшісі Ирина Костицына заңнаманың жетілдірілмеген тұстарын және аутист балалар туралы көпшіліктің аз хабардар екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары экологияның нашарлауына байланысты балалар арасында эмоционалды спектрдің бұзылу жағдайы жиілеуде. Өйткені мұның бәрі өзара байланысты. Аутизм – бұл баланың эмоционалды дамуының кешігуі. Мұндай диагнозы бар балаларды оңалтуға байланысты мәселелер толық шешілмегіндіктен, аналар көптеген проблемаларға тап болады. Сондықтан заңнамаға өзгерістер енгізілуі тиіс. Ең бастысы, ата-аналар балалармен айналысады. Мұдай диагнозбен балаға 4 жастан бастап мүгедектік берілетінін бәрі біле бермейді. Аналардың өздерін оңалтуға баса назар аудару қажет. Сондай-ақ, Көкшетауда ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту бойынша жұмысты ұйымдастыру үшін үй-жайды жалға алу өте қымбат екенін ескеру қажет», – деп бөлісті сарапшы.
«Махаббат клубы» бірлестігінің негізін қалаушы, Көкшетау қаласының Аналар кеңесінің мүшесі Махаббат Қасымова басты мақсат - ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолайлы жағдайлар жасау екенін айтты.
«Мен осы тауқыметті өз басымнан өткізгендіктен, ерекше бала өсіріп отырған аналардың жағдайын жақсы түсінемін. Әсіресе баланың ауырғанына өзіңді кінәлі сезінгенде, терең депрессияға түсесің. Бірақ бұл реакциялар қалыпты дер едім. Әлем бір орында тұрмайды. Қазір ерекше балалар үшін қажетті корекциялық, педагогикалық, медициналық жағдай жасалғанымен, аналар үшін қажетті қолдау жоқ. Біздің бірлестіктің миссиясы – аналардың өз проблемаларына тұйықталмауы және өздері туралы ұмытпауы. Клубта әйелдердің бір-бірімен қарым-қатынас жасау, өз тәжірибелері мен жетістіктерімен бөлісу мүмкіндігі бар. Біздің ұранымыз: «Бақытты ана – бақытты бала және отбасы». Ай сайын бізде әртүрлі форматтағы кездесулер мен іс-шаралар, психологтармен тренингтер өтеді», – деп атап өтті Махаббат Қасымова.
Семинарға қатысушылар пайдалы ақпарат алғанын, осы форматтағы іс-шаралар аналарға моральдық және әдістемелік көмек алуға көмектесетінін атап өтті.
«Мемлекет мүгедек балалардың ата-аналарына түрлі ақшалай жәрдемақылар мен жеңілдіктер түрінде айтарлықтай қолдау көрсетеді. Мамандандырылған орталықтар, балабақшалар мен мектептер ашылуда. Бірақ мұндай қолайлы қаржылық жағдайға қарамастан, науқас балалары бар аналардың психологиялық және кәсіби тұрақсыздығы проблемалары шешімін таппай отыр», – дейді Айна Омарова.