Ердоған Елбасын жеңісімен құттықтады

19 Қаңтар 2021, 19:20
1565
Бөлісу:
Ердоған Елбасын жеңісімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауындағы Nur Otan партиясының жеңісіне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде.

Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоған өз жеделхатында күллі Түркия халқының атынан Елбасын Парламент сайлауындағы Nur Otan партиясының жеңісімен құттықтап, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев өткен сайлаудың қорытындысы Nur Otan партиясы Қазақстан халқының жаппай қолдауына ие және елдегі жетекші саяси күш екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

Жаңа құрамдағы Парламент достас Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға, ауқымды реформалар мен жасампаз жұмысты тұрақты түрде жалғастыруға, сондай-ақ халықаралық аренада Сіздің еліңіздің беделі мен имиджін нығайтуға қызмет етеді деген сенімдемін, – делінген Ш. Мирзиёевтің жеделхатында.

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің жеделхатында Қазақстанның дамуы Nur Otan партиясының қызметімен тығыз байланысты екені айтылған.

Партия құрылған күннен бастап Қазақстан мемлекеті мен халқына абыроймен қызмет етіп келді. Өзіңіз басқарып отырған партияның жеңісі Қазақстанның өркендеуі жолында жүргізіп отырған жалпыұлттық саясат пен көпжоспарлы қызметке берген жоғары баға және халықтың Сізге деген сенімін көрсетіп отыр, – деп жазады И.Әлиев. 

Сондай-ақ Сербия Президенті Александр Вучичтен де құттықтау жеделхаты келіп түсті.

Парламент сайлауында Сіздің партияңыздың жеңіске жетуімен шын жүректен құттықтаймын. Халықтың үлкен қолдауы Қазақстанның дұрыс бағытта – даму мен өркендеу жолында келе жатқанының дәлелі екеніне сенімдімін, – делінген жеделхатта.

Сонымен бірге Мажарстаннның Премьер-министрі Виктор Орбан мен Хорватия Республикасының бұрынғы Президенті Степан Месичтің Елбасыға жолдаған хаттарында да жылы лебіздер айтылған.

Өзгелердің жаңалығы