Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында Алматыда Жастар жылы аясында Ұлттық ат спортынан Жастар арасында тұңғыш Азия чемпионаты өткен болатын. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған сайысқа Ресей Федерациясы Алтай Республикасынан да спортшылар келген еді. Жастарды бастап келген Алтай Республикасы Қазақ ұлттық спорт түрлері федерациясының басшысы Ербол Еділбаевтан сол елдегі ұлттық спортымыздың жай-күйі жайлы сұраған едік.
– Ербол аға, Қазақстанға қош келіпсіз! Әуелгі әңгімені Ресейдегі қазақ ұлттық спортының жай-күйінен бастасаңыз.
– Ресейдегі Қазақ ұлттық спорты жайлы айтар болсақ, сұрақ көп. Ең әуелі мемлекет тарапынан ешқандай көмек жоқ. Себебі де түсінікті және олардың жауабы да дайын: «Олимпиадалық спорт түрі емес, бір халықтың, этностың спорты» дегенді айтады. Соған қарамастан, Алтай өңірінде ұлттық спортымыз жаңа-жаңа дамып келеді. Оның өзінде осы спортқа жаны ашитын, қазақтың болмысына, руханиятына, спортына жан-тәнімен берілген азаматтардың арқасында дамып келеді.
Екіншіден, ұлттық спортқа керек ат әбзелдері жоқ. Әсіресе, көкпардың ер-тұрманы мүлде жоқ деуге болады. Одан бөлек, спортшыларымызға лайықты форма, киім, етік деген секілді мәселелер кезек күттірмей тұр.
Қазір ондай жағдайларды түзеу үшін қаржы іздеу де оңай емес. Халықаралық жарыстарға өзіміз қаражат тауып, спортшыларды өз күшімізбен әкеліп жүргендіктен, формаға, ат әбзелдеріне, етікке деп қосымша қаржы іздеу оңай емес. Ал бұл мәселені шешуге әзірге мемлекет құлшыныс танытып отырған жоқ. Біріншіден, бюджет қарастырылмаған. Екіншіден, жоғарыда айтқанымдай, футбол не олимпиадалық болмағандықтан да онша көңіл аударылмай келеді.
– Ұлттық спорттың қанша түрімен айналысасыздар?
– Мүмкіндігімізше барлық түрімен айналысуға тырысамыз. Әсіресе, көкпар, теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ бізде жақсы дамып келеді. Әрине, жамбы ату, тоғыз құмалақ, асық ату т.б. қатарлы спорт түрлері де бар. Демеушілеріміздің, сонда тұратын қазақтардың қолдауының арқасында осы спорт түрлерін ақырындап жүргізіп келеміз.
(Жастар арасында өткен І Азия чемпионатына келген Ресей көкпар командасы. Алматы, 2019 жыл)
– Қанша көкпар командасы бар?
– Республика көлемінде 18-ге жуық көкпар командасы бар. Олардың көбі сонда тұратын қырғыз бауырларымыз. Олар қазандыққа ойнаймыз дейді, ал басқа ұлт ойыншылары, әсіресе біз – қазақтар шеңберге ойнаймыз. Алтай Республикасында 10 мың қазақ тұрады. Көкпар ежелден бар. Ата-бабаларымыз да қазандықсыз ойнаған. Біз де солардың мұрасын жалғап келеміз. Бұл – біріншіден, екіншіден – шеңбер қауіпсіз. Ат болсын, адам болсын түрлі дене жарақатын алмауға мүмкіндік болады. Қазандыққа ойнаған кезде оған соғыласың, ат не өзің жарақат алуың мүмкін дегендей мәселелері бар.
– Жаңа көкпар мәселесін айтып жатырсыз. Ондағы ұлттық спорттың бәрі осы күйді кешіп отыр ма?
– Әрине, «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» дегендей, барлығының да көрген күні осы. Себебі жаңа айтқанымдай, мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Екіншіден, көкпардан басқа спорт түрлеріне қызыға қоятындар аз. Мысалы, Қазақстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Өзбекстанды айтар болсақ, олар аптасына бірнеше рет жаппай көкпар өткізіп, турнирлерден бөлек, халықтың өз арасында жақсы дамып жатыр. Жаппай көкпар өтті деген сөз, халықтың сол ойынға деген ерекше ықыласы, жақсы қолдауы бар деген сөз. Бұл көкпардың дамуына бірден-бір жол деуге де болады.
Ал біздегі ең жақсы дамыды деген көкпардың өзінде жаппай көкпар жоқ. Халықаралық турнирлерге, чемпионаттарға баратын кезде ғана осы ойынның жанашырлары бірлесіп, ортадан ақша шығарып, қатысып қайтамыз. Біздегі ұлттық спортты алға сүйреп келе жатқан – осы бір халқымыздың қастерлі құндылығын биіктерге көтерейік деген ниет қана.
– Осы жолғы Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатына қандай баға бересіз? Спортшыларыңыз өз мүмкіндіктерін пайдалана алды ма?
(Аударыспақтан 50 келі салмақта 3-орын алған ресейлік спортшы Миржан Акчаловты ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің төрағасы Халил Ахмед Ханның марапаттау сәті)
– Қысқаша айта кетер болсам, жоғарыда айтқан жетіспеушіліктерімізге қарамастан, біздің ойыншылар өте жақсы нәтиже көрсетті деп айта аламын. Көкпарда Тәжікстан ойыншыларынан басым түсті. Ал аударыспақ бойынша бір спортшымыз қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл біз үшін – чемпионмен тең көрсеткіш. Өзім алып келген ел құрамасындағы 5 спортшым аударыспақта бақ сынады. Барлығы да жас, 18-20 жастың о жақ, бұ жағы еді. Көбі – студент. Бір спортшымның алған үшінші орыны – барлық спортшымның үшінші орыны деп есептеймін. Себебі, барлығы өз баламдай болып кеткен жастар. Көкпардан орын ала алмадық, басқа спорт түрлерінен де жүлдесіз қалсақ, жас балалар үшін үлкен соққы болатын еді.
– Ербол аға, жаңа мемлекет тарапынан қолдау, көмек жоқ деп отырсыз. Дегенмен, халықаралық жарыстарға Ресей атынан қатысатындарыңыз онсыз да белгілі. Соны ескертіп, тым құрығанда жергілікті билікке өтініш жасап, қолдау сұрап көрмедіңіздер ме?
– Әр сайысқа, халықаралық турнирлерге, чемпионаттарға шақыру алған сайын, барлық құжатымызды, шақыруымызды, ойын ережесін көрсетіп, жергілікті басқару орындарынан көмек сұрап, өтініш жасаймыз. Олардың айтатын бір ғана жауабы бар: «Бұл мәселеге бюджеттен қаржы қарастырылмаған». Болды. Ары қарай қанша қаузасаңыз да өзгеріс болмайды. Себебі, олар біз үшін бір тиын бюджеттен берер болса, ол – сыбайлас жемқорлыққа жатады. Өз бастары бәлеге қалуы мүмкін. Дегенмен, «Дүниеде мейірімді адамдар да бар» дегендей, таныс-тамыр, жора-жолдастарымыздың көмегі қашан да дайын. Әйтпесе, «жалғыз адам би болмас, жалғыз ағаш үй болмас» деп ата-бабаларымыз айтты емес пе?! Сол жақсы жандардың демеушілігімен, қолдауымен халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік аламыз.
Сонда да, жарыстарға қатынасарда ауыртпалықтың 60-70 пайызы менің өзіме түседі. Себебі, жарысқа қатысатын спортшының жауапкершілігі, ол студент болса, оқуынан сұрап алу, ата-анасынан рұқсат алу – барлығы да менің мойнымда.
Бүгінгі күнде өздеріңіз білесіздер, бір отбасында бір ғана бала бар. Ол біреудің не кенжесі, не тұңғыш ұлы болары сөзсіз. Қазақтың, «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» деген сөзі бар. Яғни, біреудің мәпелеп отырған «шығар-шықпас жанын» алып кету деген өте қауіпті. Бұрын бір үйде кемінде 5-6 ұл өсетін. Ондайда бала да өзі таңдау жасайтын еді, қайда барып, қайда тұруды өзі білетін. Қазір көбі өбектеп отырған жалғыз баласын тау асырып, тас бастырып, күндіз-түні ат белінде салпақтатқысы келмейді. Бұл демографиялық мәселе де ұлттық спорттың дамуына кері әсерін тигізбей жатқан жоқ.
– Өзбекстанда өтетін көкпардан ІІ Әлем чемпионатына қатысатын боларсыздар?...
– Ниет бар. Әр нәрсе өз уақытымен, Алланың қалауымен болады ғой. Мысалы, осы жолы Алматыда өткен Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатына келгенше бізде «қатыса аламыз ба, жоқ па?» деген сұрақ тұрды. Оның алдында, Астанада ЭКСПО-2017 аясында өткен алғашқы Әлем чемпионатында да әупіріммен келіп қатысып қайттық. Орын алмасақ та, үлкен доданың, ұлттық спорттың жанашыр-майталмандарының ортасында жүрудің өзі біз үшін үлкен мектеп. Сол секілді, алдағы өтетін ІІ Әлем чемпионатына да қатысамыз деген жоспар, ниетіміз бар.
– Жаңа жоғарыда айтқан әңгімеңізден кейін, менің сұрағым орынсыздау болатын шығар. Дегенмен, өзіңіз білесіз, қай жерде болмасын, ұлттық спортты насихаттаудың, дамытудың, өзгелерге де таныстырудың бірден-бір жолы – халықаралық деңгейдегі сайыс өткізу. Сіздерде мұндай жоспар бар ма?
– Ондай жоспар бар. Алдағы күзде Алтай Республикасына қарасты Белохурика деген жерде ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өткізсек пе дегенбіз. Соған ұлттық спорт жақсы жолға қойылған бірнеше мемлекетті шақырмақшымыз. Бұл менің ғана емес, осы ұлттық спорттың ыстық-суығына қатар түсіп жүрген әріптестерімнің де ұсынысы. Соның ішінде Кристина Карамышина (Ресей «Көк бөрі» одағының президенті – ред.) т.б. азаматтармен бірлесіп, бір қауымдастық құрып, сол қауымдастық аясында жарыс өткізуді көздеп отырмыз. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр.