Ералы Тоғжанов Қостанай облысында санитарлық режимді күшейтуді тапсырды

6 Қараша 2020, 19:30
1212
Бөлісу:
Ералы Тоғжанов Қостанай облысында санитарлық режимді күшейтуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. COVID-19-дың таралуын тежеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды, деп хабарлайды COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК.

Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, жергілікті мемлекеттік органдар басшылығының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.

Ералы Тоғжанов ағымдағы жылдың қараша айынан бастап Қостанай өңірінде COVID-19 фактілерінің едәуір өсуі тіркелгенін айтты.  

Қостанай қаласында, Жітіқара, Қарабалық, аудандарында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттілігіне ерекше назар аударды,

Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысының әлсіздігін атап өтіп, Денсаулық сақтау министрлігі ұсыныстарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Премьер-министрдің орынбасары облыстың кейбір қалалары мен аудандарында ПТР тестілеудің болмауын ескере отырып, бұл қызметтің облыс тұрғындары үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуді жедел шешуді тапсырды.

Кеше ведомствоаралық комиссияның келісімі бойынша облыс әкімдігі ағымдағы жылдың 9 қарашасынан бастап санитарлық режимді қатаңдату жөнінде бірқатар шаралар қабылдады.

Сонымен қатар, ведомствоаралық комиссия облыс әкімдігіне қосымша шектеу шараларын қабылдауды, соның ішінде Қостанай – Қарағанды, Қостанай - Алматы бағыттары бойынша темір жол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды және облыс ішінде жолаушылар темір жол құрамдарын тоқтатуға тыйым салуды (облыс әкімдігі айқындайтын орындарды қоспағанда) тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшылығына карантиндік режимді сақтау бойынша мониторингтік топтардың қызметін күшейту, сондай-ақ тұрғындар арасында карантиндік режимді мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары медициналық нысандарда, атап айтқанда Облыстық ауруханада, медициналық маскалар өндіруші кәсіпорында және дәрі қоймаларында болып, өңірдің коронавирустық инфекцияның ықтимал толқынына дайындығын тексерді,.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.


Өзгелердің жаңалығы