Ералы Тоғжанов Атырауда шұғыл жиын өткізді

11 Шілде 2020, 00:21
1661
Бөлісу:
Ералы Тоғжанов Атырауда шұғыл жиын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау облысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келіп, аймақтың эпидемиологиялық ахуалына қатысты шұғыл жиын өткізді.

Премьер-министрдің орынбасары бастаған делегация құрамында Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов, Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов пен Ресейдің Тұтынушылар құқығын қорғау және адам саулығы федералды қызметінің "Микроб" ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ирина Шарова, Тұтынушылар құқығын қорғау және адам саулығы федералды қызметінің Тула облысындағы  басқарма басшысы орынбасары Залимхан Омариев бар. 

Атырау облысында бүгінде коронавирус инфекциясына шалдыққандар саны 7 150 адамға жетті.  Жазылып шыққандар саны – 4 693 адам. 13 адам көз жұмған.

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында облыстық аурухана жанынан жуырда 400 орындық карантиндік стационар ашылатын болады. 

Сонымен бірге, барлық қалалық емханалар жанынан стационарлар жасақталып, науқастарды емдеу шаралары атқарылуда. Колл-орталық ашылып, тәулік бойы білікті мамандар халыққа кеңес беруде. Қазіргі уақытта облыста 694 инфекциялық, 895 провизорлық, 2 328 карантиндік стационарлар жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде стационарлар 115 ИВЛ аппаратымен, 29 рентген аппаратымен қамтылды. 4 компьютерлік томография бар. Емханалар жанынан 61 мобильді топ жасақталды. Олар коронавирус инфекциясының симптомсыз және жеңіл түрімен ауырғандарға үй жағдайында амбулаторлық көмек көрсетуде.

Коронавируспен бірге Атырауда пневмониямен сырқаттанғандардың саны 1 307 адамды құрап отыр. 

Дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі шешілуде, әкімдіктің қолдауымен қала, аудан дәріханаларына ең қажетті антибиотик, қызу түсіретін дәрілер жеткізілуде. 

Қазіргі уақытта Атырауда пандемиямен күреске 1 429 дәрігер маман жұмылдырылды. Бірақ, медицина мамандары жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр. Аталған мәселені шешу үшін Ресеймен келіссөздер жасалып, жас мамандарды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, басқа өңірлерде интернатура мен ординатурада білімдерін жетілдіріп жүрген 122 атыраулық жас маман індетпен күреске жұмылдырылатын болады. 
Өзгелердің жаңалығы