ЕҚДБ бөлген қаржы көптеген жобада 50 пайызға да игерілмеді - Сапарбаев

24 Қаңтар 2022, 08:44
1273
Бөлісу:
ЕҚДБ бөлген қаржы көптеген жобада 50 пайызға да игерілмеді - Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов,  «Қазводхоз» РМК бас директоры Алтай Елжасов және бірқатар  мердігер ұйымның өкілдерінің  қатысуымен өткен жиында су нысандарындағы жөндеу-құрылыс жұмыстарын аяқтау мәселесі талқыланды.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға  аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысып отырды. ​

Облыс аудандарында Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы ирригациялық каналдарды, су бұру жүйелері мен құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстары бойынша 34 жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлінді.​​

Судың тапшылығы мен тым құрғақ климат бізді суға кететін шығынды азайтудың және егін өнімділігін арттырудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етуде. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру және реконструкциялау бойынша түрлі жобалар  Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық компанияларды тарта отырып, жүзеге асырылуда. Алайда мердігерлер өз міндеттемелерін толық орындамай отыр. ЕҚДБ бөлген қаржы көптеген жобада 50 пайызға да игерілмеді. Көптеген учаскеде мердігерлер жоспарлы жұмыстарды кешіктіріп жатыр. Біз олардың уәделерін бірнеше рет естідік, бірақ  айтарлықтай нәтиже болмай келеді.  Енді бірер айдан кейін вегетациялық кезең басталады, мердігерлер келісім-шарт мерзімін бұзады, – деп ашуланды облыс әкімі. ​​​​​​​​​

Аймақ  басшысы әрбір жауапты мердігермен әр нысанның мәселесін жеке талқылап, мерзімінде орындалмау себептерін тыңдап, міндеттемелерді тез арада жүзеге асыруды тапсырды. Облыс әкімі өткен жылы вегетациялық кезең оңай болмағанын еске салды. Бұл жолы шаруалар қиындық көрмеуі үшін өткен қателіктермен жұмыс жасау керектігін еске салды.​​​​​​​​​​​

Былтыр мердігерлердің салғырттығынан айналма каналдар салуға тура келді. Ал бұл уақыт пен ақшаны босқа кетіру. Жаңа каналдар салумен қатар, бұрыннан бар су шаруашылығы нысандарын қайта жаңғыртуды да ұмытпау керек, деді – Бердібек Сапарбаев.​

Сондай-ақ облыс әкімі  жөндеу-құрылыс жұмыстарын бақылау міндетіне кіретін бірқатар басқармалардың жұмысын сынға алды.​​​​​​

– Жұмыстың сапасын тексеру керек. Техникалық қадағалау, архитектуралық қадағалау, тапсырыс берушілер қайда қарайды? Белгіленген мерзімде ғана емес, жұмысты адал атқару маңызды, – деді аймақ басшысы.​ ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов ЕҚДБ жобаларымен ғана жұмыс істейтін жұмыс тобын құруды ұсынды.

​​​– Биыл да суармалы су тапшылығына қатысты жағдай қайталанып отыр. Сондықтан біз барлық мүмкіндіктер мен ресурстарды барынша пайдалануымыз керек. Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті зор. Мерзімдерін өткізіп алған мердігерлерге келетін болсақ, олар барлық тәуекелдерді алдын ала есептеп шығуы керек еді. Барлығына қарамастан, компаниялар бастаған жұмыстарын аяқтау қажет. Сырғытпа жауаптар қабылданбайды. Әйтпесе, бұл мәселе заң аясында шешіледі. Кез келген бюрократиялық кідірістерге жол бермеу үшін құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, тапсырыс беруші және ЕҚДБ кеңесшісі кіретін жұмыс тобын құруды ұсынамын. Қазір бәрімізден стандартты емес, жедел шешімдер қажет, - деді Серік Қожаниязов.​ Облыс әкімі вице-министрдің ұсынысын қолдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Су ресурстарын пайдалану мен оны басқарудың тиімділігін барынша арттыру қажет, – деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.

Өзгелердің жаңалығы