Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин әкімдіктерге вакцинациялауға қатысты тапсырма берді.
Жалпы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Вирустың репродуктивтілік индексі 0,9-ды құрайды. Ауруханалар мен жансақтау бөлімдерінде адамдардың саны азайып келеді, - деді Үкімет басшысы.
Мамин атағандай, «қызыл аймақта» елорда ғана қалды. Жалпы 13 өңір, яғни басым бөлігі «жасыл аймақта», 3 өңір «сары аймақта» орналасқан.
Бүгінгі күні 2,5 миллионнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін және шамамен 1,4 миллионнан астам адам екінші компонентін алды.
Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауы қажет. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі санитариялық-эпидемиологиялық шаралардың сақталуы мен вакцинацияға ерекше назар аударсын. Маска режимі, әсіресе, ғимараттардың ішінде сақталуы қажет. Мониторингтік топтар жұмысын жандандырсын, - деп тапсырма берді Мамин.
Премьер-министр аймақтағы көршілес мемлекеттерде аурудың өсуі байқалып келе жатқанын еске салды. Айтуынша, қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажет.
Бірінші кезекте бұл - вакциналаумен қамтуды ұлғайту. Вакциналауды одан әрі кеңейтіп, күн сайынғы қарқынын барынша ұлғайту қажет. Ashyq қосымшасын енгізуді ұлғайту керек, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, халықтың вакцина алуын ынталандыратын тиімді тәсілдер ойластыру қажет, - деп айтты Мамин.Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ashyq қосымшасы теміржол вокзалдарына да енгізіледі.