- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Эпидмаусым: Астанада 313 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған
Эпидмаусым: Астанада 313 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған
Науқастардың 57,9 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Тұмауға қарсы вакцина жеткізу кешігуіне байланысты екпе науқаны кейінге шегерілген.
30 Қыркүйек 2026, 10:51
Астанада 2025-2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда ЖРВИ-дің 313 173 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, 2025 жылдың 40-аптасынан 2026 жылдың 37-аптасына дейін тіркелген жағдайлар саны өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан. Былтыр бұл көрсеткіш 266 792 жағдайды құраған.
Науқастардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Осы жас тобында 181 555 жағдай тіркелді. Бұл жалпы сырқаттанушылардың 57,9 пайызын құрайды, – деді Айгүл Шағалтаева.
Оның мәліметінше, маусымның 37-аптасында елордада ЖРВИ-дің 3 973 жағдайы анықталған. Оның 2 323-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген.
Сегіз медициналық ұйым инфекцияларды бақылап отыр
Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, елордада респираторлық инфекциялардың таралуын бақылау үшін сегіз медициналық ұйымның базасында шолғыншы эпидемиологиялық және зертханалық қадағалау жүргізіледі.
Бұл жұмысқа №5, №7, №8 емханалар, „Шипагер“ отбасылық денсаулық орталығы, №1 және №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханалары, көпбейінді медициналық орталық және №3 көпбейінді қалалық аурухана қатысады, – деді ол.
Оның сөзінше, аталған ұйымдарда жыл бойы тұмауға ұқсас белгілері бар науқастардан іріктеп сынамалар алынады. Оң нәтиже анықталған үлгілердегі вирустарға генетикалық зерттеу – секвенирлеу жүргізіледі. Бұл айналымдағы вирустарды анықтауға, олардың ерекшеліктерін зерттеуге және эпидемиологиялық жағдайды бағалауға мүмкіндік береді.
2025–2026 жылдардағы маусымда «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-ның Астана қаласы бойынша филиалы шолғыншы қадағалау аясында 1 687 сынаманы полимеразды тізбекті реакция әдісімен зерттеген. Оның 349-ы тұмауға ұқсас ауру белгілері бар амбулаториялық науқастардан, ал 1 338-і ауыр жіті респираторлық инфекциямен ауруханаға жатқызылған науқастардан алынған.
Зерттеу нәтижесінде 250 сынамадан тұмау вирусы, тоғыз сынамадан COVID-19 анықталды. Сонымен қатар риновирус, респираторлық-синцитиалды вирус, аденовирус, маусымдық коронавирус, парагрипп, метапневмовирус және бокавирус сияқты басқа да респираторлық вирустар тіркелді, – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ есепті аптада ауыр жіті респираторлық инфекция белгілерімен ауруханаға түскен 18–19 жастағы екі науқаста A(H1N1)pdm09 тұмауы зертханалық жолмен расталған.
Тұмауға қарсы 165 мың доза вакцина сатып алынды
Айгүл Шағалтаеваның мәліметінше, 2026-2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға дайындық аясында Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 165 мың дозасын сатып алған.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 22 тамыздағы №11-ПГСВ қаулысына сәйкес, вакцинацияны 15 қыркүйекте бастау жоспарланған. Алайда вакцинаны жеткізудің кешігуіне байланысты екпе науқаны кейінге шегерілген.
Жергілікті бюджет есебінен вакцинация алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 41 медициналық ұйымда жүргізіледі. Олардың қатарында емханалар, отбасылық дәрігерлік амбулаториялар, отбасылық денсаулық орталықтары және жеке медициналық ұйымдар бар, – делінген ұсынылған мәліметте.
Кімдерге тұмауға қарсы екпе ұсынылады?
Департамент басшысының айтуынша, вакцинация кезінде медициналық ұйымдарда диспансерлік бақылауда тұрған балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдарға және осы мекемелердің персоналына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша вакцинациялау көзделген.
Бұл санатқа жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, педагогтер, әскери қызметшілер, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқан азаматтар кіреді. Оларға тұмауға қарсы екпені ерікті түрде алу ұсынылады.
ЖРВИ-ден қалай қорғануға болады?
Айгүл Шағалтаева маусымдық инфекциялардың алдын алу үшін күнделікті сақтық шараларын ұстанудың маңызды екенін атап өтті.
Сырқаттанушылық жоғарылаған кезде қоғамдық орындарда маска тағу, адам көп жиналатын жерлерге баруды азайту және науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу қажет. Сонымен қатар қол гигиенасын сақтап, антисептикалық құралдарды қолдануға көңіл бөлген жөн.
Бұл шаралар әсіресе балаларды, егде жастағы адамдарды және созылмалы аурулары бар азаматтарды қорғауда маңызды.
Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау, профилактикалық шараларды сақтау және медициналық көмекке уақытылы жүгіну маусымдық инфекциялардың таралуын азайтуға көмектеседі.
Ең оқылған:
- 1 қазаннан бастап Қазақстанда не өзгереді?
- 583 адам декреттік төлемді қайтаруға міндеттелді: Қор ақшаны неге кері сұрайды?
- Астанада қызды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші анықталды
- Өз шотына миллиондар аударған: Қазалыда балабақша есепшісіне қатысты тергеу басталды
- – 4°С үсік пен қатты жел: Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт бұзылады
Мақпал ОРЫНБЕК