Еуропалық комиссия мен АҚШ шілденің соңында қол жеткізген сауда келісімінің мәтінін пысықтауды аяқтауға жақын. Бұл туралы Еурокомиссияның баспасөз хатшысы Олоф Гилл мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Вашингтоннан құжаттың ұсынылған нұсқасы түскен, қазір Брюссель оны қарап жатыр.
Еске салайық, екі апта бұрын Шотландияда өткен кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен сауда дауын тоқтату жөнінде саяси келісімге келген еді.
Келісім шарттары бойынша:
- АҚШ ЕО тауарларына 15% кедендік тариф енгізеді;
- ЕО америкалық энергия тасымалдаушыларды 750 млрд еуроға сатып алуға;
- 2029 жылға дейін АҚШ-қа 600 млрд еуро көлемінде инвестиция салуға міндеттеледі.
Алайда, екі тарап осы келісімнің мазмұны мен ауқымы туралы әртүрлі мәлімдемелер жасап келеді. Мәтіннің соңғы нұсқасында баж салығынан босатылатын тауарлардың тізімі мен техникалық егжей-тегжейлер қамтылады.
Еуропадағы кейбір салалар, әсіресе автомобиль өнеркәсібі, келісімнің жүзеге асуының кешеуілдеуіне алаңдаулы. Өйткені бұл сала үшін тарифтер әлі 27,5%-дан 15%-ға төмендетілмеген.
Еурокомиссия өкілдері АҚШ-тың саяси міндеттемелерін орындайтынына сенімді.