Еуропалық Одақ Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы шешімді бір айға жетпейтін мерзімде қабылдауы мүмкін. Бұған Францияның Иранды супермаркеттердің тоңазытқыш жабдықтарына жасалған кибершабуылға қатысы бар деп айыптауы себеп болған. Бұл туралы Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро France 5 телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Париж дүйсенбі күні Брюссельде кибершабуылға жауапты деп саналатын тұлғаларға қатысты дәлелдерді ұсынған. Санкциялар қабылданған жағдайда олардың қаржылық активтері бұғатталып, Еуропалық Одақ аумағына кіруіне тыйым салынуы мүмкін.
9 қарашада Франция Иранды қазан айында супермаркеттердің тоңазытқыш жабдықтарына жаппай кибершабуыл жасады деп айыптап, Иранның дипломатиялық өкілін Сыртқы істер министрлігіне шақырған болатын. Сол кезде Барро Париждің Тегеранға қатысты қосымша шаралар қабылдауы мүмкін екенін де айтқан.
Өз кезегінде Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Франция үкіметінің айыптауларын жоққа шығарып, Парижді өз мәселелері үшін жауапкершілікті өзгелерге артуға тырысты деп айыптады. Иран Сыртқы істер министрлігі Францияның мұндай мәлімдемелер арқылы қоғам назарын өзінің Таяу Шығысқа қатысты саясаты мен Палестина мәселесінен бұруға тырысатынын мәлімдеді.
Тегеран ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдаудан тартынбайтынын жеткізді.