200 күн жел, 300 күн ашық аспан. Әзірге - 12 МВт

7 Ақпан 2019, 13:07
3949
Бөлісу:
200 күн жел, 300 күн ашық аспан. Әзірге - 12 МВт

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Экологиялық қуат көздері әлем бойынша рентабельдік көрсетіп отыр. 2018 жылы, өнеркәсібі пен өндірісі жолға қойылған Германияда электр энергиясының 40% экологиялық энергия көздерінен болды (дереккөз - ISE Frauenhofer қоғамының күн-энергетикалық жүйелер институты). Мұны революция деуге болады.

Бұл жайт энергетикалық инфраструктурасы дәстүрлі отындарға тәуелді елдер үшін үлкен мәселе. Себебі өндіріс тізбегінде дәстүрлі отын басым елдердің өнімі бәсекеге қабілеті төмен болуы ықтимал. Дәстүрлі отын үлесінің шығынын тек арзан жұмысшы күшінің, немесе ішкі нарыққа отынның жасанды төмендетілген баға көмегімен жабу мүмкін. Ал бұл мемлекетіміз ұстанған ашық нарықтық қатынастар мен бәсекелік принциптеріне кереғар болар еді.

Бұл жайт биліктің назарына бұрыннан іліккен. Президент Назарбаев 2017 жылғы Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық мәжілісінде – Қазақстан үшін энергия өндіру әдістерінің алуандығы маңызды екенін және оны мүмкін болғанша пайдалану керектігін айтып, еліміздегі балама энергия көздерінің қуаты жөнінде мәлімет келтіре кеткен болатын. Оның айтуынша, Қазақстандағы жел энергиясының – 920 млрд кВт/сағ, су энергиясының – 62 млрд кВт/сағ, күн энергиясының – 2,5 млрд кВт/сағ әлеуеттері бар екен. Ал Қазақстан жылына шамамен 100 млрд кВт/сағ тұтынады (2017 жылғы көрсеткіш).

Мемлекет басшысы атап өткен энергияның балама көздерінің біразы еліміздің барлық аймағына тән. Мысалы Маңғыстау облысында аталған қуат қайнарларының ішінен жел және күн энергиясын өндіру мүмкін екендігі дәлелденді. Облыста жылына 200 күн бойы жел тұрып, 300 күн ашық аспан болады.

Күн және жел энергиясын өндіру Маңғыстаудың Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау аудандарында шоғырланған. 2018 жылы Мұнайлы ауданының Батыр елі мекенінде 40 қатарға орналасқан 8 мың күн панельдері осы елді-мекенді электрмен қамтамасыз етеді. Бұл құрылысты жолай – отандық өнім өндірушіні қолдайтын жоба деуге де болады. Күн панельдерді Астанада, Қазақстанның кремнийінен жасалған. Жоба – «Бизнестің жол картасы - 2020» аясында. Құны – 1, 21 млрд теңге.

Маңғыстаудағы балама энергия көздері жобасына шетелдік инвесторлар да тартылған. Қытайдың NWPC корпорациясымен Шетпеде қуаты 12 МВт болатын күн электр станциясын салу жөнінде уағдаластық бар. Сонымен бірге француздық ЕСМ Technologies облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының әріптестік хаттамасына күн электр станциясын салуға ықыласты екендігі жөнінде қол қойды.

Осыған қарағанда, кереғар пікірлер болғанымен (күн аккумуляторларының өзіндік құнының қымбаттығы, генераторлардың профилактикасын шалғай елді-мекендерде жүзеге асырудың тиімсіздігі), Қазақстанда экологиялық қуат көздері дәстүрлі отынға негізделген энергетиканы ығыстыру мүмкінді әбден бар. Бұған әлде саяси ерік, әлде экономикалық ынта керек. Саяси ерік  президент Назарбаев тарапынан айқын айтылды. Ендігі сұрақ тек экономикалық секторға ғана қалып отыр.

Ерлан Оспан
Өзгелердің жаңалығы