Энергетикалық сусындар және балалар: Нені ескерусіз қалдырып жүрміз?

25 Қараша 2026, 18:09
АВТОР
 Freepik.com 25 Қараша 2026, 18:09
25 Қараша 2026, 18:09
124
Фото: Freepik.com

Энергетикалық сусындар Еуропада 1980 жылдардың соңында пайда болып, Қазақстанда 2000 жылдары кең тарала бастады. 2022 жылғы HBSC зерттеуінде сауалнамаға қатысқан 11–15 жастағы қазақстандық оқушылардың әр бесіншісі энергетикті кемінде аптасына бір рет ішетінін айтқан. Нақтырақ айтсақ, бұл көрсеткіш 20,5 пайызды құраған, ал оқушылардың 3 пайызы мұндай сусынды күн сайын ішкен.

Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бері 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Бұл шектеу балалардың әдетін қаншалық өзгертті? Ал бала шаршаған сайын энергетикке жүгінсе, ата-ана нені ескеруі керек? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі Астана қаласының бас санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева мен шұғыл медициналық көмек көрсету дәрігері Бекжан Момбаевпен тілдесті.

Бір құтының өзі әсер етуі мүмкін

Ертең бақылау жұмысы. Үй тапсырмасы әлі біткен жоқ, ал баланың көзі жұмылып барады. Осындайда «бір құты ішсем, сергіп аламын» деген ой келуі мүмкін. Энергетиктің уақытша сергітетін әсері көбіне құрамындағы кофеинге байланысты.

Шұғыл медициналық көмек көрсету дәрігері Бекжан Момбаевтың айтуынша, бір құты энергетиктің өзі жасөспірімнің хал-жағдайына әсер етуі ықтимал. Дәрігер жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктемеге назар аударды.

– Бір құты энергетик те жасөспірімге әсер етуі мүмкін. Оның құрамында кофеин бар. Мұндай сусын жүрек соғысының жиілеуіне, яғни синустық тахикардияға әкелуі ықтимал, – деді Бекжан Момбаев.

Ол энергетикті жиі ішетін адамдарда жүрек соғысының жиілеуімен қатар әлсіздік, енжарлық және көңіл күйдің төмендеуі секілді шағымдар кездесетінін айтты.

Айгүл Шағалтаева да кофеиннің әсері баланың күн тәртібіне ықпал етуі мүмкін екенін ескертті.

– Кофеин жүрек соғуын жиілетіп, мазасыздық туғызуы және ұйықтауды қиындатуы мүмкін. Кешке сергіп алу үшін ішкен сусынның әсерінен бала түнде кеш ұйықтап, ертеңіне тағы да шаршап оянуы ықтимал, – деді ол.

«Таңертең бір құты ішпесе, жұмысқа кірісе алмайды»

Бекжан Момбаев өз тәжірибесінде энергетикке қатысты шағыммен келген жасөспірімдерді кездестірмегенін айтты. Ал ересек науқастардың арасында мұндай сусынды күнделікті әдетке айналдырғандар болған.

– Жасөспірімдермен мұндай жағдай кездеспеді. Бірақ ересектер арасында энергетиксіз жүре алмайтынын айтатын науқастар болды. Таңертең оянған соң міндетті түрде бір құты ішеді. Мұны сусынға психологиялық тәуелділіктің белгісі деп бағалаймын, – деді дәрігер.

Момбаевтың айтуынша, кейбір науқастар энергетик ішпеген күні жұмысқа ынтасы төмендеп, бойын әлсіздік басатынын айтқан. Дәрігер олардың өз сезімін сипаттауы мен медициналық тексеру кезінде байқалған белгілерді атап өтті.

– Науқастар энергетик ішпесе, ештеңеге зауқы соқпайтынын, жұмысқа қабілеті төмендейтінін айтады. Бұл – олардың өз жағдайын сипаттауы. Ал дәрігер ретінде байқағанымыз – жүрек соғысының жиілеуі, қан қысымының көтерілуі. Енжарлық пен әлсіздікке де шағымданғандар болды, – деді Бекжан Момбаев.

Кофеинді тұрақты тұтынған адам әдеттегі мөлшерінен бас тартқанда басы ауырып, шаршауы, ұйқысы келуі, ашушаң болуы немесе зейін қоюда қиналуы мүмкін. Осындай жайсыздықты басу үшін қайтадан энергетик ішу күнделікті әдеттің орнығуына ықпал етеді.

Сусынға әуестік баланың мінез-құлқынан да байқалуы мүмкін

Дәрігер ата-аналарға баланың энергетикті қаншалық жиі сұрайтынына және оны ішпеген кездегі мінез-құлқына назар аударуды ұсынды.

– Бала немесе жасөспірім энергетикті үнемі сұрап, сатып алып бермегенде ашуланса, мұндай жағдай тұрақты түрде қайталанса, дәрігерге жүгінген жөн. Қажет жағдайда психиатрдың кеңесі де керек болуы мүмкін, – деді Бекжан Момбаев.

Оның айтуынша, энергетикке әуестенген кейбір ересектер сусынның ықтимал кері әсерін мойындағысы келмейді.

– Тәжірибеде науқастың энергетиктен ешқандай жанама әсер болмайтынын айтып, өз ұстанымын қорғаған жағдайлары кездесті. Ол сусынның зияны жоқ екеніне сендіргісі келеді, – деді дәрігер.

Сондықтан баламен сөйлескенде сусынды қаншалық жиі ішетінін, қандай жағдайда сатып алатынын және ішкеннен кейін өзін қалай сезінетінін сұраған жөн.

Ұйқының қанбауы қайтадан энергетикке жетелеуі мүмкін

Энергетик ішкеннен кейін адам өзін уақытша сергек сезінеді. Алайда кешкі уақытта қабылданған кофеин ұйықтауды қиындатуы мүмкін. Келесі күні ұйқысы қанбаған бала шаршауын басу үшін қайтадан сол сусынға жүгінуі ықтимал.

Бекжан Момбаев энергетикке үйренген адамның күнделікті белсенділігін сусынмен байланыстыра бастайтынына назар аударды.

– Кейбір адамдар кофеин ішпеген күнін көңілсіз, өнімсіз өткен күн ретінде қабылдайды. Зейінін сабаққа немесе басқа іске жинақтау қиындайтынын айтады. Мен мұны психологиялық тәуелділікпен байланыстырамын, – деді ол.

Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, мұндай жағдайда ата-ана баланың күн тәртібін қарастырғаны жөн. Үй тапсырмасын орындауға қанша уақыт кетеді, демалуға мүмкіндігі бар ма, ұйқысы жеткілікті ме деген сұрақтар сусынға жүгіну себебін түсінуге көмектеседі.

«Қантсыз» деген жазу ата-ананы жаңылыстыруы мүмкін

Энергетикалық сусындардың құрамындағы қант мөлшері әртүрлі. Қантты сусындарды жиі ішу артық калория тұтынуға, салмақ қосуға ықпал етуі мүмкін. Бекжан Момбаев та құрамында қанты көп энергетиктерді тұрақты ішудің салмақ пен зат алмасуға қатысты тәуекелдеріне назар аударды.

Ал қантсыз өнім таңдағанда оның құрамындағы кофеинді де ескеру қажет.

– Қаптамадағы «қантсыз» деген жазу да ата-ананы жаңылыстыруы мүмкін, өйткені мұндай сусынның құрамында кофеин болуы ықтимал, – деді Айгүл Шағалтаева.

Оның айтуынша, баламен бірге жапсырманы оқып, сусынның құрамын қарап шығу пайдалы. Бұл баланың келесі жолы өнім таңдағанда қаптамадағы ақпаратқа мән беруіне көмектеседі.

Дүкен мен мектепте қандай талап бар?

Қазақстанның Денсаулық кодексінің 108-1-бабы бойынша энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға болмайды. Сатып алушының жасына күмән туындаса, сатушы жеке басын куәландыратын құжат сұрауға міндетті. Құжат көрсетілмесе, сусынды сатудан бас тартуға тиіс.

– Мектептегі тағам қауіпсіздігі асхананың тазалығынан да, балаға ұсынылатын өнімдердің қандай екенінен де көрінеді. Қолданыстағы тамақтану стандарттарына сәйкес мектеп асханаларында энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған, – деді Айгүл Шағалтаева.

Бас санитариялық дәрігердің айтуынша, өнімнің таңбалануы да санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жатады. Елордалық департамент бақылау мақсатында сатып алынған өнім үлгілерінің техникалық регламенттерге сәйкестігін тексереді.

Баланың шаршауын қаншалық байқаймыз?

Бала энергетикті достарымен бірге дәмін көру үшін ішуі мүмкін. Кейде ұйқысы қанбаған, сабақтан шаршаған немесе жаттығудан кейін шөлдеген. Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, себебін түсінгенде балаға көмектесу де оңайырақ болады.

Бір балаға жаттығуға су алып шығуды әдетке айналдыру қажет болса, енді біріне кешкі сабақ кестесін қайта қарап, ұйқысына жеткілікті уақыт бөлу керек.

– Біз көбіне баланың қолындағы құтыны бірден байқаймыз. Ал оның бірнеше күннен бері ұйқысы қанбай жүргенін немесе шаршағанын айтпай, бәріне үлгеруге тырысып жүргенін кеш аңғарамыз. Осындайда әңгімені «Соңғы кезде қатты шаршап жүрсің бе?» деген сұрақтан бастаған жөн, – деді Айгүл Шағалтаева.

Наверх