Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД-ның 2035 жылға дейінгі жаңа Даму стратегиясын әзірлеу туралы ұсынысы Қазақстанның ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін көрсетеді. Саясаттанушы Таир Нигманов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сарапшының айтуынша, бұл бастама елдің Достастық шеңберіндегі уағдаластықтарға байыппен қарайтынын айғақтайды.
«Мен бұл стратегия ынтымақтастықтың рөлі мен міндеттерін қайта қарастырады деп айтпас едім. Жалпы, тоғыз жылға есептелген мұндай ұзақ мерзімді бастамалар Қазақстанның қол қойылған уағдаластықтарға салмақты көзқараспен қарайтынын көрсетеді. Біз ТМД қатысушысымыз және бұл мәртебемізді болашақта да сақтауға ниеттіміз», - деп атап өтті Нигманов.
Қазақстан үшін маңызды бағыттардың қатарында саясаттанушы энергетика, инфрақұрылым және адами капиталды дамытуды атады.
Энергетика және көлік байланыстары
Нигмановтың пікірінше, халық саны мен экономиканың өсуі электр энергиясына деген сұранысты арттырып отырған кезде, энергетика саласындағы ынтымақтастық аса маңызды. Оның бағалауы бойынша, ТМД елдерімен өзара іс-қимыл бұл сала міндеттерін шешудің қосымша құралына айнала алады.
Инфрақұрылымды дамытуды сарапшы экономиканы әртараптандырумен және пайдалы қазбалар экспортына тәуелділікті төмендетумен байланыстырады. Бұл ретте логистика, сауда байланыстары және транзит ерекше маңызға ие.
«Бұл жағдайда логистика туралы айтылып отыр: біз кіммен сауда жасаймыз, кімнің тауарлары және қандай бағыттар арқылы біздің аумағымыздан өтеді. Бұл көбінесе ТМД елдерімен байланысты. Мәселе оңтүстіктен, басқа да Орталық Азия елдерінен солтүстікке қарай және кері бағыттағы экспорт пен тауар ағындары туралы болып отыр», - деп түсіндірді ол.
Білім беру және жасанды интеллект
Тағы бір перспективалы бағыт – адами капиталды дамыту. Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан жоғары білімді, соның ішінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және шетелдік студенттерді тарту арқылы толыққанды экономикалық секторға айналдыруға ұмтылуда.
«Әлеуетті аудитория – ең алдымен біздің жақын көршілеріміз, соның ішінде ТМД-ға қатысушы елдер», - деп атап өтті сарапшы.
Нигманов сондай-ақ жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықтың да шынайы екеніне сенімді.
«ТМД-ға қатысушы кез келген мемлекет басшысының сөзін алып қарасаңыз, онда цифрландыруға, жасанды интеллектке және басқа да технологияларға байыпты мән берілгенін көресіз. Ең болмағанда ниеттер өте байыпты және біржолғы акциялардың шеңберінен шығып жатыр», - деді саясаттанушы.
Оның пікірінше, Қазақстанның ұсынысы Достастық шеңберіндегі өзара іс-қимылды нақты жобалармен және практикалық пайдамен толтыру ұмтылысын көрсетеді.
«Ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге тырысу – бұл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сынға қарамастан, ұйым ретінде өмір сүруін жалғастырады деген сенім. Бұл жай ғана мүдделер клубы немесе өткеннің өзіндік мұрасы емес, нақты пайда әкелетін толыққанды ұйым», - деп баса айтты Нигманов.
Сарапшы экономикалық байланыстарды дамытудың саяси маңызы да бар екенін, ол тату көршілікті және шекаралардағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін қосты.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев өзгере шыққан геосаяси жағдайды ескере отырып, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі жаңа Стратегиясын әзірлеуді және Достастықтың ұзақмерзімді басымдықтарын айқындауды ұсынған болатын.