Энергетика министрлігінің комиссиясы Қарағандының электр стансасына барды

4 Маусым 2022, 19:47
1320
Бөлісу:
Энергетика министрлігінің комиссиясы Қарағандының электр стансасына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Энергетика министрлігінің өкілдері Премьер-министр Әлихан Смайыловтың тапсырмасы шеңберінде Қарағанды қаласының бас электр стансасы – «Қарағанды энергия орталығы» ЖШС-ның 3-ЖЭО-сында болды.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды энергия орталығы» ЖШС-ның Қарағанды 3-ЖЭО «Қазақстан коммуналдық жүйелері» ЖШС құрамына кіреді, 3-ЖЭО 1977 жылы пайдалануға берілген, станцияның белгіленген электр қуаты – 670 МВт, жылу қуаты - 1432 Гкал/сағ.

Келесі жылыту маусымына дайындық аясында жөндеу жұмыстарына 3,8 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ 6,9 млрд.теңге сомасына күл үйіндісін салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Объектілерді аралау барысында алдағы жылыту кезеңіне дайындық шеңберінде жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді. Станция басшылығы жаңа №9 қазандық агрегаты мен №7 турбоагрегатты салу бойынша жобаны 2027 жылға дейін іске асыру перспективалары туралы баяндады, бұл станцияның электр қуатын 120 МВт-қа және жылу қуатын 180 Гкал/сағатқа арттыруға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ жақсы жаққа өзгерту бағдарламасы – «Кайдзенді» енгізу қорытындылары ұсынылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 26 жоба әзірленді, олар 652 млн теңгеге жалпы экономикалық тиімділікті қамтамасыз етті. Жобаларды іске асыру шеңберінде кәсіпорынның 79 қызметкері 4 млн.теңгеден астам сомаға ынталандырылды. Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде кәсіпорын қызметкерлері технологиялық процесс пен еңбек жағдайларын жақсарту бойынша 71 ұтымды ұсыныс енгізді. Ұсыныстарды қарау қорытындысы бойынша көтермелеу сомасы 779 мың теңге.

Комиссия өкілдері жедел персоналдың жұмыс орындарында суды тазарту үшін қосымша 44 сүзгі орната отырып, станцияда су-ауызсу режимінің жақсарғанын атап өтті.

Объектілерді аралағаннан кейін Энергетика министрлігінің өкілдері мен станция басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.

Энергетикалық кәсіпорындарды алдағы жылыту маусымына тиісті сапамен дайындау Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің тұрақты жалпы бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы