Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық №2 соты Энергетика министрлігінің басқарма бастығына қатысты шешім шығарды.
Нұр-Сұлтан қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі сотқа Энергетика министрлігінің басқарма басшысы Нұрбек Амангелдіұлының ісін жолдайды.
Ол жүйелі түрде БҚО, Маңғыстау және Павлодар облыстарының жүйелі газ ұйымдарынан әлеуметтік газ көлемін бөлу үшін 115 мың теңгеден бастап 3 млн теңгеге дейін пара алып тұрған.
Аудандың соттың судьясы ашық отырыста шешімді оқып берді.
Бұрынғы Энергетика министрлігінің басқарма басшысы Нұрбек Амангелдіұлы Алматы облысының тумасы, 1984 жылы дүниеге келген. Ол пара алды деген күдікпен 2020 жылдың 16 қарашасынан бастап қамауда отырған.
Нұрбек Амангелдіұлының ісі Қылмыстық кодекстің 366 баптың 3-тармағы бойынша сотқа берілген.
Нұрбек Амангелдіұлы 6 млн теңге сомасында пара алған.ҚК-нің 393 және 396,398, 407 баптарын басшылыққа ала отырып Сот Нұрбек Амангелдіұлын 366 баптың 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру шешімін қабылдады. Ол минималды қауіпсіздік түзету мекемесінде жазасын өтейді. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады. Нұрбек Амангелдіұлының қамауда отыруы шешім заңды күшіне енгенше дейін жалғасады, - деді судья.
Екінші айыпталушы БҚО тумасы SK LTD KZ басшысы Бауыржан Отаров 2020 жылдың 19 қарашасынан бастап қамауда болған. Оның ісі Қылмыстық кодекстің 367 бабының 3-тармағы бойынша сотқа берілген.
Бауыржан Отаров та 366 баптың 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.
Бауыржан Отаров 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол да минималды қауіпсіздік түзету мекемесінде жазасын өтейді. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды.
Аудандық сот Энергетика министрлігіне осындай деректердің қайталанбауын қамтамасыз ету бойынша жеке Жарлық жіберді.