Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы ауданында ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) шабуылдары тіркелді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, КҚК ұсынған ақпаратқа сәйкес, 30 шілде күні Nissos Sifnos танкеріне үшінші айлақ арқылы мұнай тиеу жұмыстары аяқталар сәтте тиеу манифольды ауданында ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған.
ҰҰА шабуылы қаупіне байланысты Каспий құбыр консорциумы мұнай тиеу жұмыстарын алдын ала тоқтатқан.
Сондай-ақ мұнай тиеуге жоспарланған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан 6-7 теңіз милі қашықтықта ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған, - делінген хабарламада.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, оқиға салдарынан экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Сондай-ақ мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген.
Шабуылдан кейін тұтанған өрт Каспий құбыр консорциумының үш буксирінің көмегімен толық сөндірілген.
Министрлік жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, дрон шабуылынан кейін КҚК терминалында мұнай тиеу тоқтатылған еді.
Каспий құбыр консорциумы жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және оны Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы тиеу операцияларын қайта бастағаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
КТК-ға жасалған шабуыл: Сарапшы мәселені шешудің балама жолын ұсынды
Қазақстан мұнайының 80%-ы КҚК арқылы тасымалданады