Энергетика министрлігі кеш қалды – сарапшы

9 Наурыз 2021, 18:23
2022
Бөлісу:
Энергетика министрлігі кеш қалды – сарапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика саласындағы танымал сарапшылардың бірі Жақып Хайрушев Энергетика министрлігінің 25 наурызға дейін талқылауда болатын электр энергиясына тарифтерді көтеру туралы бұйрық жобасы тек энергоөндірумен айналысатын ұйымдарға қатысты екенін айтады. 

Бұл дәл осы процент тұтынушы тарифінде де көтеріледі деген сөз емес, ол екеуі екі түрлі дүние. Энергоөндірумен айналысатын ұйымдар – бұл біздің елдегі барлық электр станциясы, яғни, ГРЭС, ТЭЦ, ГТЭС-тердің барлығы. Олардың тарифі 2019 жылдың басында төмендетілген еді. Кейін 2020 жылдың 1 шілдесінде тариф рентабельді тұрғыда қайта көтерілді. Қазіргі энергоөндірумен айналысатын ұйымдарға арналған тариф бағасының көтерілуі – жоспарлы және уақытылы шешім дер едім, - дейді ол.

Сарапшының айтуынша, энергоөндірумен айналысатын ұйымдардағы жабдықтардың тозығы жеткен. Екінші мәселе турбина, генератор, қазандық сияқты негізгі жабдықтар шетелде өндіріледі және олардың бағасы 30-40%-ға көтерілген. Ал бұған дейін бекітілген тарифте бұл құрылғылар бағасының көтеріліп кеткені есепке алынбаған.

Егер жабдықтарды ауыстырмай, жамай салған болса, онда келер қыс мезгілін сіз бен біз пәтерімізде минустық температурамен қарсы алған болар едік. Негізі бұл мәселені былтыр көтеру керек еді. Энергетика министрлігі сәл кешігіп те қалды дер едім. Қуанышымызға орай мамандар жабдықтарды күз-қыс мезгіліне дайындап отырады. Себебі жылыту маусымы жылына орта есеппен алғанда 200 күнді құрайды. Осы 200 күн бойы тікелей ТЭЦ температурасын кемінде 100-150 градус деңгейінде (пәтерлерде төменірек) ұстап тұру керек, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы