Енді жоғары сынып оқушылары дайын маман атанады

Бүгiн, 12:20
1105
Бөлісу:
Енді жоғары сынып оқушылары дайын маман атанады
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс депутаттары “Мәдениет және білім беру мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл құжаттың маңызды тұстарының бірі – 10-11 сынып оқушыларына мектеп бағдарламасымен қатар, қосымша кәсіптік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріледі.

Егер мектеп орналасқан жерде мұндай мүмкіндік болса, оқушылар өз еркімен қосымша кәсіпті игере алады. Бұл әсіресе аудан орталықтарында ыңғайлы.

Оқушылар таңертең мектепке барып, түстен кейін сол жердегі колледжде сантехник, аспаз сияқты мамандықтарды оқи алады. Олар қысқартылған бағдарлама бойынша тек профильді пәндерді меңгеріп, арнайы грантпен білім алады. Осылайша, мектепті бітіргенде қолында қосымша мамандығы бар түлек еңбек нарығына дайын болып шығады, – дейді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Ол бұл жобаның жас түлектерге үлкен мүмкіндік беретінін айтады.

Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылдан бастап осындай пилоттық жобаны жүзеге асырып келеді. Қазір бұл бағдарлама елдің 17 өңіріндегі 100-ден астам мектеп пен 40-тан астам колледжде іске асуда. Оқу 16 түрлі мамандық бойынша жүргізіліп, алғашқы нәтижелері де бар. Биылдың өзінде 700-ден астам түлек кәсіптік біліктілік алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алмақ.

Еске сала кетейік, осыған дейін кітапханаларға табыс табу құқығы берілетіні туралы жаздық. Дарынды балаларға бір реттік сыйақы берілетіні туралы да айтылды.

Өзгелердің жаңалығы