Енді Яндекс, Уберде онлайн жұмыс істейтіндер жұмыссыз қалса, әлеуметтік төлем алуы мүмкін

7 Маусым 2022, 11:20
1344
Бөлісу:
Енді Яндекс, Уберде онлайн жұмыс істейтіндер жұмыссыз қалса, әлеуметтік төлем алуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді Яндекс, Уберде онлайн жұмыс істейтіндер жұмыссыз қалса, әлеуметтік төлем алуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.

Жұмыспен қамтудағы маңызды бағыттардың бірі – платформалық жұмыспен қамтуды тану және заңдастыру. Пандемия кезіндегі шектеу шаралары жер жүзінде жұмыспен қамтудың заман талабына бейім тәсілдерін қолдануға тың серпін берді. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған  жоқ, - деді министр.

Дүйсенова атап өткендей, ел экономикасына цифрландыру мен жаңа технологиялар да өз әсерін тигізіп жатыр. Соңғы жылдары нақты секторға қарағанда, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылғандардың саны өскен. 

Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда 500 мыңға жуық адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай режим тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем ала алмайды, - деп түсіндірді ол.

Оның келтірген дерегіне сәйкес бүгінгі күні Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 300 мыңнан астам ана жүктілігі бойынша бұрынғы орта еңбекақысының 100%-ын, ал балаға қарау кезеңінде еңбекақысының 40%-ын алып отыр. Сонымен қатар жұмыссыз қалған 105 мың азаматқа еңбекақысының 40%-ына дейін ақы төленеді. Кейінгі жылдары бұл төлемдерді көтеру мәселесі қаралып жатыр.

 Бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткіздік. Олармен бірге биылғы 1 шілдеден бастап  еңбекпен қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылдадық. Жұмыстың нәтижесін жыл соңына қарай ұсынамыз, - деді Тамара Дүйсенова.  

Өзгелердің жаңалығы