Енді мектептерде діни ақпаратқа жол берілмейді

30 Қараша 2023, 11:31
450
Бөлісу:
Енді мектептерде діни ақпаратқа жол берілмейді
Фото: Арман Мухатов - архив

Білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет бекітілді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Заңда жетім балалар үшін жаңа тәлімгерлік институтын енгізу бойынша норма ұсынылып отыр.

Ол не үшін керек? Бұл институт 10 жастан асқан, балалар үйлерінде тәрбиеленетін жетім балаларды әлеуметтендіруге және өмір сүру жағдайларына бейімдеуге қосымша мүмкіндік береді. Тәлімгерлер, волонтерлік тәртіпте, яғни ақысыз, балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетуге, әлеуметтендіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Тәлімгерге, оларды бақылауға, олардың жауапкершілігіне қатысты нақты, әрі қатаң талаптар қарастырылды, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым қатынастар шартпен реттеледі.

Заң жобасында полицияда девиантты мінез құлық бойынша тіркеуде тұрған балаларды қолдау және оңалту бойынша арнайы норма ұсынылып отыр. Басты мәселе осы санаттағы балалардың бос уақытын қамту. Осыған орай, енді осы оқушылар проактивті форматта, яғни ешқайда барып өтініш бермей-ақ, түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтылады, - деп түсіндірді депутат Мәжілісте.

Сонымен қатар Аймағамбетов атап өткендей, білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет бекітілді.

Өзгелердің жаңалығы