Енді мектепке дейінгі ұйымдар еркін күн тәртібін әзірлей алады

5 Желтоқсан 2022, 15:07
1128
Бөлісу:
Енді мектепке дейінгі ұйымдар еркін күн тәртібін әзірлей алады

Мектепке дейінгі ұйымдар енді күн тәртібін еркін әзірлей алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл тәрбиешілерге оқыту мен тәрбиелеуде әртүрлі тәсілдерді қолдануға, минут сайын қатаң кестеге байланбай, күні бойы балалардың ойын және оқу әрекетін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мектепке дейінгі білім берудегі жаңа стандарт туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Ол мектепке дейінгі білім берудің мазмұны мен сапасы мәселелері бойынша Оқу-ағарту министрлігінің бастамаларына тоқталып өтті. Министр бұл Тәуелсіздік жылдарындағы мектепке дейінгі білім беру мазмұнын түбегейлі өзгерткен ең үлкен реформа екенін атап өтті.

Биыл мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа Мемлекеттік стандарты мен үлгілік бағдарламалардың қабылдануы осы мәселедегі басты қадам болды. Баланың барлық аспекті бойынша «толық дамуы» бірінші орынға қойылған. Оның ішінде интеллектуалды, құндылық, әлеуметтік-эмоционалды және физикалық даму бар. Осы мақсатқа жету үшін стандартта бірқатар өзгеріс бар. Біріншіден, оқу жоспарының икемділігі кестені және сағат жүктемесін қатаң реттеуді болдырмау арқылы қамтамасыз етілді. Енді мектепке дейінгі ұйымдар еркін күн тәртібін әзірлей алады. Екіншіден, жаңа стандарт «ойын арқылы оқыту» қағидасына негізделген ерте жастағы балаларды дамытудың негізгі әдістемесіне қайта оралуға мүмкіндік береді. Бұрын Үлгілік оқу жоспарларында сағат саны қатаң көрсетілетін. Мұндай әдіс сабақты кесте бойынша мектеп сабақтары сияқты ресми түрде өткізуге әкелді. Оған қоса, бұл балабақшаларға аттестация беру кезінде тексеру нысанасына айналды, өйткені стандарттың орындалуы жұмыс істеген сағат саны бойынша қатаң тексерілді. Сабақ түріндегі мұндай оқыту осы жастағы балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейді, - деп айтты министр Асхат Аймағамбетов жазбасында.

Сондай-ақ жаңа үлгілік оқу жоспарында біз мұғалімдер мен балалар арасындағы өзара іс-қимылының негіздері қарастырылған. Оларға балалардың сөйлеуін дамыту, кітап оқу, математика негіздерін үйрету, шығармашылық және зерттеу жұмыстарымен айналысу бойынша күнделікті жұмыс кіреді.

Бұл қызмет түрлерін үй жағдайында да дамыту маңызды екенін атап өткім келеді. Мысал келтіре кетейін. TIMSS 2019 зерттеуінің нәтижелері көрсеткендей, ата-анасы ерте жастан кітап оқуға, танымдық ойындарға, жазуға, санауға және сызуға «жиі» үйрететін 4-сынып оқушылары ата-аналары «анда-санда» ғана айналысатын балаларға қарағанда математикадан 15 ұпайға жоғары жинайды, - деп түсіндірді министр.

Сонымен бірге стандартта балаларды ұлттық, отбасылық құндылықтарды, отансүйгіштікке, Отанға деген сүйіспеншілікке, еңбекке, т.б. тәрбиелеудің тәсілдері мен әдістері көрсетілген.

Тәрбиеші баланы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуге, сыпайы және мейірімді болуға, дос болуға, құрметтеуге, көмектесуге, бөлісуге, қызығушылық танытуға, қоршаған әлемді бақылауға, зерттеуге және т.б. үйретеді. Қорыта келгенде, балаларды тәрбиелеу мен оқытуда бұрынғы стандартта шектеу қою, белсенді ойындарға уақыттың жеткіліксіздігі, «партада» ұзақ отыру басым болғанын атап өткім келеді. Жаңа стандарт мектепке дейінгі ұйымдарға ыңғайлы болуға, құндылықтар мен құзыреттіліктерді дамытуға және жас балалар үшін табиғи ойын үлгісін кеңінен қолдануға бағытталған. Мұның бәрі баланың мектепте оқу дайындығын және алдағы білім жолы мен өмірінде жетістікке жетіп, жан-жақты дамуына әсер етеді, - деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов сөзін.

Өзгелердің жаңалығы